Бүгін Ақордада журналистермен баспасөз мәжілісін өткізген Мемлекет басшысы қоғамда орын алып жатқан маңызды мәселелерге тоқталды. Соның ішінде күзде орын алуы мүмкін девальвация туралы да айтып берді.
"Бұл тек ойдан құрастырылған әңгіме. Дәл қазір девальвация болатын ешқандай себеп жоқ. Теңгенің еркін айналымға жіберілгені дұрыс болды. Егер оны өз бақылауымызға алар болсақ бюджеттен өте көп қаражат желге ұшар еді. Біз қазір бұған үйрендік, бүкіл әлемде осы құбылыс болып жатыр", - деді президент.
Нұрсұлтан Назарбаевв әлемдік мұнай бағасы тұрақсызданса теңгеден басқа да валюталардың барлығы құлдырайтынын айтып өтті.
"Рубль де құнсызданып жатыр. Біз олармен тығыз сауда қарым-қатынасын орнатқанбыз. сондықтан теңге де құлап жатыр. Қазір девальвацияға ешқандай себеп көріп тұрғаным жоқ. Керісінше, мұнай 52-55 долларды ұстап тұр. Егер бұл көрсеткіш өзгерсе валюта бағамы да өзгереді. Адамдар бұған үйреніп кетеді", - деді Н.Назарбаев.