Мемлекет басшысының «100 нақтыт қадам» Ұлт жоспарының бекітілгеніне бір жылдан атсам уақыт өтті. 5 институционалдық жоба аясында түзілген осынау жоспардың басым бағыттарының бірі – кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Яғни, қазіргі мемлекеттік қызмет жүйесін барынша жетілдіру, дамыту. Осы реформаның мән-жайын түсіндіру мақсатында Алматы облысының Ұйғыр ауданында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серікбай Нұрғисаев мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген мамандарға арнап семинар өткізді.
Ұлт жоспарының бірінші бағыты – кәсіби мемлекеттік аппарат құрып, мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. Онда: Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. Сонымен қатар, кадрларды іріктеудің нәтижесінде жоғарылаудың жолдары қарастырылған.
Ал, Алматы облысының аудандарында қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлерге арналған семинарлар жиі өтуде. Солардың бірі осы Ұйғыр ауданындағы басқосу. Оған барлығы 150-ден астам маман қатысты. Олар Серікбай Өрікбайұлының дәрісін тыңдап, Ұлт жоспарында көрсетілген қадамдардың жүзеге асу барысын талқылады.
Ұйғыр ауданында жалпы саны 183 әкімшілік мемлекеттік қызметші бар. Ұлт жоспарының 15-қадамына сәйкес, кешенді аттестаттаудан ауданның 108 мемлекеттік қызметкері өтіп, оның қорытындысы бойынша 20 – жоғарылатуға ұсынылса, 83 – атқарып отырған лауазымына лайық деп танылып, 5 – атқарып отырған лауазымынан төмендетуге ұсынылған.
Семинар барысында С.Нұрғисаев елімізде «А» корпусы кадр резервіне іріктеу науқанының басталғаны туралы ақпараттық мәлімет берді. Сонымен қатар, Департаментпен атқарылған жұмыстарға яғни, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарын сақтауы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шараларға тоқталып өтті.
Семинар барысында қойылған сұрақтарға толықтай жауап берілді.