$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда «Нұр Отан» партиясының мультимедиялық мұражайы ашылды

Алматыда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының алғашқы мультмедиялық мұражайының  салтанатты ашылу  рәсімі өтті. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен бизнес саласы өкілдерін партия қатарына қабылдады.

Мұражайды ашудағы басты мақсат – тарихи әрі мәдени, қоғамдық- саяси ақпаратты жинақталған құжаттар негізінде зерттеу және насихаттау.

Ашылған мұражайда «Нұр Отан» партиясының  құрылуы мен қалыптасу тарихын, партияның маңызды құжаттарын ұсынды. Сонымен қатар, қатысушылар партия төрағасына тиесілі  профессор мантиясын, кітаптарды, партия билеттерін және басқа да заттарды тамашалады. Қонақтар жобадағы партия тарихының, заманауи дизайн мен жаңа технологиялардың өзара үйлесім тапқан ерекше концепциясын бағалай алады. Заманауи үлгідегі интерактивті панелдер (multi-touch-screen) дәстүрлі мұражай сөрелерін алмастырған. Сондай-ақ,  LED-экраннан он гигабайтты ақпаратты цифрлы экспозиция түрінде көруге болады.

- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен біз Тәуелсіздікті, еліміздің  әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін байланыстырамыз. Біз дамыған мемлекеттер қатарына енуге ұмтылудамыз. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалар мен жаңару бәсекеге қабілетті елдер қатарына енудің басты шарты. Біз партия  көшбасшысы Н.Назарбаевқа  тірек болуға және  Қазақстанның  игі жолында бірге жұмыс істеуге тиіспіз, - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар жаңа партия мүшелеріне, Алматы қаласының тәуелсіздік жылдары қолжеткен жетістіктерінің бәрі Мемлекет басшысының есімімен тікелей  байланысты екенін қадап тұрып айтты.

Салтанатты шара барысында партия билеттерін «Тамаша» театрының көркемдік жетекшісі Асылбек Боранбай, радиожүргізуші Диана Снегина, №140 мектеп –гимназиясының педагогы, жыл мұғалімі Гүлбану Әбжанова, репродуктивті медицина Институты бас дәрігерінің орынбасары Лазат Айтқожина, «ABM GROUP» ЖШС басқармасының төрағасы Азамат Молдақасымов, GoSport негізін қалаушы, «Khan Consulting» ЖШС-тің бас директоры Әнуар Манабаев және «Традиции народа Семиречья» қоғамдық бірлестігінің президенті  Семен Шихотов алды.

Бүгінгі  күні жалпы Республика бойынша бір миллиондай партия мүшелері бар. Алматы қалалық филиалының өзінде ғана 90 мың адамды біріктіріп отырған жеті жүз елу бастауыш партия ұйымдары ойдағыдай жұмыс істеуде. Партияның қалалық филиалы заңдылықты жетілдіру туралы  отыз  ұсыныс енгізген болатын. Оның жартысынан астамы Парламент Мәжілісінде қолдау тапқан. Партия филиалында күн сайын он мыңдай өтінімдер қаралып, жүйелі шешімдер қабылдануда.  Он ай ішінде мемлекеттік органдарға жүзден астам ұсыныс жіберіліп, олардың  сексен пайызы  қабылданған.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары