Қызметтік көліктің орнына такси! Астана әкімі Әсет Исекешов келер жылдан бастап қарамағындағыларын түгелдей таксиге отырғызбақшы. Яғни, әкімдік қымбат қызметтік машиналардан бас тартып жатыр. Осылайша , бюджет ақшасын үнемдемек. Ал, таксопарктер табысының өсетініне қуанып отыр, деп мәлімдейді KTK телеарнасы.
«Жаңа жылдан бастап, қызметтік көліктен бас тартып, әкімдік қызметкерлері таксимен жүретін болады. Қазір қалада бірнеше таксопарк бар. Бірақ, олардың сұранысты қамтамасыз етуге көліктері жеткіліксіз», – Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов.
Исекешовтің айтуынша, таксиге отыру әлдеқайда тиімді екен. Өйткені, әкімдік жылда қымбат көлік сатып алып, жүргізушілерге ай сайын жалақы төлейді. Әрі темір тұлпарлардың күтімі мен салығына кететін ақша тағы бар. Бұлардың барлығына кететін қаржы ондаған миллион теңгеден асып кетеді. Сондықтан, қызметтік машинадан түсіп таксиге міну шығынды екі есеге дейін азайтады дейді әкім. Әрі таксопарктерге де мол пайда әкеледі. Сондықтан әкімдікке қызмет көрсететін бизнесмендер табысты келісімнен қағылып қалмауы үшін қосымша көлік сатып алуға қазірден-ақ жанталасып жатыр.
«Бұл қызмет бізге міндетті түрде 5 жылға беріледі. Сол 5 жыл ішінде қызметті келіскен обьем ретінде жұмысқа асырылады. Бізде 550 машинамыз бар. Эконом класында. Жаңағы сапамызды арттырамыз деп отырмыз яғни бизнес класындағы машина бізде жетпейді. Бірақ, жоспарда осындай машина сатып алу бар.
Ал, тың бастама шынымен іске асса шенеуніктердің таксиге отырудан басқа амалы жоқ. Енді бұрынғыдай жиналыс деп қызметтік көлікке міну де қалады. Өйткені тендер алған соң таксопарктер әр минутты есептейтіні анық», – Астана қалалық жүргізушілер қауымдастығының» төрағасы Медет Құрманов.
Десе де жаңа жылдан бастап іске асатын жоба әзірге сынақ ретінде іске аспақшы. Егер оң нәтиже берсе, әкімдікке тиесілі қымбат машиналар жаппай аукцион арқылы сатылады немесе таксопарктерге төмен пайызбен несиеге беріледі. Ал, жұмыстан қысқартылатын әкімдіктің жүргізушілерін бизнесмендер такси көлігін айдауға шақырмақшы.