$ 498.34  519.72  4.85

Оразкүл Асанғазы туған жеріне оралып, жерлестерімен кездесті

Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы бүгін Жамбыл облысына табан тіреп, туған жеріне тағзым етті. Тіл жанашыры, халқының аяулы қызы облыстық драма театрында жерлестерімен кездесу кешін өткізді. Елімізге белігілі азаматтар, зиялы қауым өкілдері жиналған кеште замандастары қазақтың қайсар қызына ыстық ықыластарын білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

Кездесу кешінің шымылдығы әдемі көрініспен ашылды. Талай ән мен жырдың арқауына айналған, тоғыз жолдың торабы саналатын Шу жерін Оразкүл Асанғазықызының жүрегінде тұнған көркем сөздері арқылы көпшілік тереңнен тани түсті. Сахналық қойылымда туған жер төсінде қырдың қызыл гүліндей құлпырып өскен бойжеткеннің жастық шағы суреттелді. Ол еліне, жеріне деген сағынышын осылай жеткізді.

Туған халқымен қауышқан қоғам қайраткері есендесетін де, есептесетін де күн жетті деді. Бұл өзінің жүріп өткен өмір жолынан есеп бергісі келгенін айтқаны. Қазақта намысын қолдан бермеген жаны нәік болса да, мінезі қайсар қыздар көп. Солардың көшін бүгінде Оразкүл Асанғазықызы жалғап келеді. Иә, кеш барысында еңбек жолын ұлағатты ұстаз болудан бастап, қайраткерлік деңгейіне дейін көтерілген тұлға жайында жиналған жақсы – жайсаң толғана сөз қозғады.

Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының ұлтымыздың тілі, ділі, жерінің тұтастығы жолында жасаған еңбегі зор. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарған жылдары елордада бір мезгілде 300-ден астам көше атауы ауыстырылды.

Оразкүл Асанғазықызы неше бір лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, елімізде бірқатар заңдардың қабылдануына атсалысты. Мемлекеттік тілдің мерейін үстем ете жүріп, оның қолданылу аясын кеңейтуге күш салды. Еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолындағы еңбегі бір төбе. Сондықтан абыройлы азамттың бүгінге дейін алған атағы жетерлік. Туған жеріне тағзым ете келген өршіл қыз Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жүзеге асырылуына осылайша тағы бір үлесін қосты.

Айта кетейік, Оразкүл Асанғазықызы 1952 жылы 22 ақпанда Жамбыл облысы Шу ауданының «Ақтөбе» ауылында дүниеге келген. Ол өзінің еңбек жолын тоқсаныншы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында атқарған. Осында ол аудан әкімі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімінің орынбасары секілді үлкен қызметтер атқарып, кейін Астанаға қызмет ауыстырған. Елордада Оразкүл апай Тілдерді ламыту басқармасының басшысы, кейін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты қызметтерін атқарды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары