Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің төрағасы, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарының басты бағыттарын атап көрсетті деп жазады Sputnik Қазақстан.
Назарбаев қаңтарда АҚШ-қа ресми сапармен барады.
"Қазақстан президентін Ақ үйдің басшысы Дональд Трамп шетелдік көшбасшылардың алғашқыларының қатарында қарсы алады", – деді Қарин сарапшылар кеңесінде.
Оның пайымдауынша, Қазақстан басшысының сапары тек қазақстандық-америкалық ынтымақтастықты дамытып қана қоймай, АҚШ пен Орталық Азияның қарым-қатынасын айқындауда аса маңызды болмақ.
Қариннің айтуынша, Қазақстан ядролық қаруға қарсы мәселеде көшбасшылардың бірі ретінде АҚШ басшылығымен кездесуде бұл түйіткілді ортаға сала алады.
Бұдан бөлек, саясаттанушы Назарбаевтың сапары Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
Айта кетсек, Астана клубының жабық отырысында Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың басында АҚШ президентімен кездесетінін растап, Дональд Трамппен кездесуде қандай мәселелер талқыланатынын айтқан болатын.