Былтырдан бері қазақстандықтар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өз жалақыларының бір бөлігін аудара бастаған болатын. Енді ел үкіметі осы қорға жиналған ірі көлемдегі қаражатты «ҚазАгро» компаниясына беретінін мәлімдеп отыр. Аударылатын жалпы сома - 60 млрд теңге.
Мұндай ақпаратты бүгін Үкімет отырысы кезінде вице-премьер, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев журналистерге мәлімдеді деп жазады Total.kz.
«Бұл қалыпты процесс, қорқудың қажеті жоқ. Бізде мемлекеттік сақтандыру қоры бар. Онда қазір 1 млрд теңгеден астам қаражат жиналған. Бұл қорды Үкімет басқарады, ал қаражаты Ұлттық банктің құзырында. Осылайша, мемлекеттік комиссия Ұлттық банкпен бірлесе аталған қаражаттың бір бөлігін - 10 пайыздан көп емесін - «ҚазАгро» компаниясының құнды қағаздарын сатып алуға жұмсау туралы шешімге келді. Бұл қаражат айналымға түсіп, кейін кері қайтады, ешқандай да қорқыныш жоқ, бұл қауіпсіз», - деді Ө.Шөкеев.
Оның айтуынша, мұндай шешім шығармастан бұрын ҚР АШМ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, үкіметпен және Ұлттық банкпен келіскен.
«Олардың барлығы талқылады, аталған операцияның техникалық негіздемелерін көріп шықты да ешқандай қаупі жоқ деген шешімге келді», – дейді Ауыл шаруашылығы министрі.
Журналистердің бірі вице-премьерден МӘМС қаражаты зейнетақы жинақтау қорына жиналған қаржы секілді жемқорлардың қалтасында кетпейді ме деген сұрақ қойған болатын. Сонда Шөкеев 60 млрд теңгеге өзі кепіл болатынын айтты.
«Мен өз басым кепілдік беремін, өйткені «ҚазАгро» мемлекеттік компания. Ол аталған қаражатқа бидай сатып алады, кейін сатып ақшаны орнына қояды», – деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі таңда мемлекеттік сақтандыру қорына жиналған қаражат көлемі 1,2 трлн теңгені құрайды.