Батыс Қазақстан облысы бойынша тәртіптік кеңес Жәнібек ауданы Қамысты ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қарақұловтың тәртіптік ісін қарады деп жазады Мой Город. Әкім 2017 жылдың маусым айынан бастап банктен алған несиесін төлемепті.
Қарызды өндірушілер әкімдік аппаратына хат жазып, ауыл басшысының жалақысынан белгілі бір мөлшерде ұстап отыруды ұсынған екен. Алайда, аталған хатты әкімнің өзі алып, тығып қойған. Енді ол 600 мың теңге қарызын 1 миллион теңге етіп қайтаруы керек.
- Бірнеше ай бойы менің қарызды төлеуге жағдайым болған жоқ. Алайда, кешегі желтоқсан айынан бастап төлей бастадым. Бұдан былай кешіктірмей бар ақшаны қайтарамын, - деді тәртіптік кеңесте сөйлеген Бауыржан Қарақұлов.
Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақов болса ауыл әкіміне қарызын қайтару үшін қосымша уақыттың берілгенін айтып отыр.
- Біз ауыл әкімін Мемлекеттік қызмет ісі және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментіне шақырып, одан түсініктеме алдық. Тек осыдан кейін ғана ол қарызын төлей бастады. Қазір оған қарызын қайтару үшін қосымша уақыт берілді, бәлкім осыдан кейін сот орындаушылары өз өтініштерін кері алатын болар, - дейді Б.Исақов.
Бауыржан Қарақұлов банктегі қарызы үшін жұмыстан қуылмайды. Дегенмен, оны аудандық әкімдік ескерту беру ретінде тәртіптік жауапкершілікке тартуы мүмкін.