$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да жаңа басқарма құрылып, төрт басқарманың атауы өзгертілді

Оңтүстік Қазақстанда облысты басқару схемасы негізінде 23 басқарманың кейбірінен бірқатар міндеттер алынып 4 басқарманың атауы қайта ауыстырылса, туризмді дамыту және тартылатын сыртқы инвестицияның көлемін арттыру мақсатында жаңа басқарма құрылды. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Аталған басқармалардың атауын өзгертіп, жаңа басқарманы құру туралы шешім өткен жылдың қазан айында өткен облыстық мәслихат сессиясында бекітіліп, облыс әкімінің қаулысымен құрылып отыр.

Атап айтсақ, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының туризм саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып «Оңтүстік Қазақстан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы» құрылып, «Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» болып қайта аталды.

Ал облыстық Мәдениет басқармасы «Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы» болып, облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы «Оңтүстік Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы» болып қайта аталды. Оған облыс әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілді.

Бұдан бөлек, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және балалардың құқығын қорғау саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, «Оңтүстік Қазақстан облысының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы» болып ауыстырылды.

Сонымен, облыс әкімі Ж.Түймебаевтың өкімімен Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы болып Батырхан Құрмансейіт, Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы лауазымына Бастар Есқараев, Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы болып Балмаржан Нарбекова қайта тағайындалды.

Ал Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы болып Асылхан Темірхан, ал «Ontustik Tourism Center» туризм орталығының директоры Олжас Шинтаев аталған қызметінен босатыла отырып, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушысы болып тағайындалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары