$ 494.87  520.65  4.91

Бүгінгі Үкімет отырысында Ақмола облысы әкімінен басқасының бәрі қазақша сөйледі

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын үкімет мүшелері алғашқы күннен бастап орындауға кірісіп кетті. Әдетте бір-екі сөзін қазақ тілінде бастап, одан әрі орысша судырата жөнелетін министрлер бүгін баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасады. Десек те, үйреншікті әдетіне басып, сөз арасында орысша сөйлеп қойған шенеуніктер де болды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Үкіметтің бүгінгі отырысында үш мәселе қаралды: инвестиция тарту мәселелері, орта білім беру ұйымдарында жаңартылған мазмұнға көшу, Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы. 

Алғаш болып инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек сөз алды. Министр инвестиция тартуға қатысты баяндамасын бастан-аяқ қазақ тілінде жасады. Одан кейін мінберге шыққан энергетика министрі Қанат Бозымбаев та президенттің сөзін жерге тастамайтынын көрсетті. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев, "Бәйтерек" холдингі, "Қазақинвест" компаниясының басшылары да қазақ тілінде сөйледі. 

Кезек өңірлерге келгенде, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин таза қазақ тілінде өтіп келе жатқан отырыстың "шырқын бұзды". Басын қазақ тілінде бастап, кейін орысша сайрай кетті. Бәлкім президенттің кешегі айтқан сөзі депутаттар мен министрлерге ғана қатысты деді ме екен, жоқ әлде есінен шығарды ма, кім білсін?!

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге қатысты баяндама жасаған білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те Елбасының тапсырмасын орындамады. "Ауру қалса да, әдет қалмайды" деген осы болар, министр мырза ара-тұра орысша сөйлеп қойды. 

Бір қызығы, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл жолы спикерлерге сұрақ қойған жоқ, тек қорытынды жасап, тиісті тапсырма берді. Әлде қарамағындағы қызметкерлерін ұятқа қалдырғысы келмеді ме, кім білсін?!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары