Алматы облысын бірнеше күн бойы тасқын су шайып жатқанын өңір басшысы Амандық Баталовтан өзгелердің бәрі білетін сияқты. Өйткені, сол су басқан аудандардың әкімдері облыс әкіміне жалған ақпарат беріп келген көрінеді. Бүгін апатты аймақтарды аралауға шыққан Амандық Ғаббасұлы өз көзіне өзі сенбей, әбден ашуға булықты.
Баталовтың айтуынша, бүкіл облыс аумағында тек 5-6 үйге ғана су кірген екен. Аудан әкімдері оған осындай ақпарат берген.
«Мына жерде кішкентай сай, сайдың ішіне су жиналған. Бұны қауіпті жағдай деп, төтенше жағдай деп айтуға болмайды. Талғар ауданында 4-ақ үйге су кірген. Қарасай ауданында жоқ, Жамбыл ауданында 2 үйге су кірген. Еңбекшіқазақ ауданында жоқ», - деп сеніммен сөйледі Амандық Баталов.
Алайда, жергілікті тұрғындар оны ауылдардың ішін аралауға көндіріп, апаттың деңгейін көзіне шұқып тұрып көрсетті. Облыс басшысы болса өзін алдаған атқамінерлерге ашуланып, ашуын жергілікті тұрғындардан алды. Үйін су шайып кеткендер әкімді жағадан алып, берген уәдесінде тұруын сұраған. баталов оларға жекіп, ұрысып тастады.
«Мен бір адамға өтірік айтқан адам емесіпн. Түсіндің бе? Ешқашан. Мен айттым көмектесемін дедім, мен көмектесем. Арнайы осы жерге келіп, сосын сендердің жағдайларыңды көрем! Кішкене адамгершілік болу керек қой?!» - деді облыс әкімі.
Әкім айтқан адамгершілік сол жергілікті атқамінерлердің өздерінде жоқ сыңайлы. Дегенмен, судың беті қайтқан соң Баталов жағдайды жасырғандарды жазалауға сөз берді. Әрі зардап шеккендерге материалдық шығындарын өтеп, үйлерін қалпына келтіруге уәде етті.
Дереккөз: КТК