$ 494.87  520.65  4.91

Елбасыға Алматының макеті 3D-проекция түрінде таныстырылды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы Бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.

Мемлекет басшысы қаланы тиімді басқаруға арналған ауқымды мәліметтер (Big Data) платформасын қамтитын ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты. Қаланың 10 жүйесі мен республикалық жүйенің бірігуі шаһардағы автотрафик, қоғамдық көліктегі жүргіншілер ағынының күнделікті көлемі, мектептер мен балабақшалардың жүктемесі, қылмыстық ахуал жөніндегі мәліметтерді талдауға, сондай-ақ бюджеттің орындалуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.   

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматының голографикалық макеті үлкейтуге, имитациялауға және мегаполистегі түрлі үдерістерді модельдеуге мүмкіндігі бар 3D-проекция түрінде таныстырылды. Қазақстан Президенті «Алматы Бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтын аралап көрген соң Алматы қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елбасы Алматы қаласының қайта жөнделген көшелерін аралап көрді. Сондай-ақ, ол жалпы ұзындығы 8,7 шақырымды қамтитын Тимирязев және Жандосов көшелерінің бойымен тартылған BRT көше-жол желісімен танысты.

Қазақстан Президентіне Алматы қаласының индустриялық аймағындағы жұмыс нәтижелері мен оны дамытудың перспективалық жоспарлары жөнінде мәлімделді. Елбасы өндірісте еуропалық сапаға сай бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технология мен құрылғылар қолданудың маңыздылығын атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары