$ 494.87  520.65  4.91

Бауыржан Байбек көпбалалы отбасылардың алғашқы жарнасының төлемін субсидиялауды тапсырды

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс конференциясында Алматы әкімі Бауыржан Байбек құрамына мемлекеттік жәрдемақы, адрестік көмек, әлеуметтік төлем, демеушілік көмек, еңбекпен қамту және басқалары енген қолдаудың кешенді шараларын атап өтті.

«Қала және аудан әкімдіктері тұрмысы төмен көпбалалы аналармен кездесулер өткізді, аудандық филиалдар басшыларының есепті кездесулерінен ұсыныстар түсуде. Сараптама тұрғын үй мәселесінің барынша өткір тұрғанын көрсетті. Қаржы тапшылығы салдарынан олардың тұрғын үй алудың жеңілдетілген бағдарламасына қатысуға да мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан 4 және одан да көп балалары бар отбасылардың алғашқы жарнасының төлемін субсидиялау мүмкіндігін қарастырған жөн», - деді Бауыржан Байбек.

Бұрындары мегаполис басшысы «Бақытты отбасы» атты көпбалалы аналардың орталығын құруды, мұнда оларға заңнамалық, психологиялық кеңестер мен реабилитациялық көмек көрсетуді ұсынған болатын. Бұл орталық бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайды және көпбалалы аналар жұмысқа орналастырылады.

Мегаполис басшысы әлеуметтік әл-ауқат, стратегия және бюджет басқармаларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселе бойынша жұмыс жасауды және нақтылы ұсыныстар айтуды тапсырды.

Айта кетерлігі, Алматы бюджеті әлеуметтік бағытқа негізделген және халықты әлеуметтік жағынан қамтуға бөлінетін қаржы жыл санап арта түсуде. Қазіргі кезде бюджеттің 50%-дан астамы немесе 200 млрд. теңгеден астам қаржы денсаулық сақтауға, білімге, тұрмысы төмен жандарға көмек көрсетуге, коммуналдық шығындарды субсидиялауға, түрлі жәрдемақыларды төлеуге жұмсалуда.

«Нұр Отан» фракциясы мәслихатта түрлі әлеуметтік мәселелерді көтереді. Олардың ұсыныстарының барлығы жергілікті атқару органдарында оң шешімін тауып, қалада іске асуда.

Мысалы, 2016 жылдан бастап партия фракциясының бастамасы бойынша бала бақшалар төлемдері 27 ден 15 мыңға азайды. Бұл мақсат үшін бюджеттен жыл сайын 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді, мұнда 60 мың отбасы қамтылған. Соңғы төрт жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс есебінен бала  бақшадағы орындар саны 3 есе артты немесе 4,7 мыңнан 15,5 мыңға өсті. Жалпы, бала бақша орындарын субсидиялау үшін жыл сайын 18 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл цифр үш жыл ішінде 2 есе өсті.

Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың 11 сыныпқа дейінгі балалары тегін тамақтанады және оларға мектеп формасы тегін беріледі. Мұндай қажеттіліктерге жыл сайын 800 млн. теңгеден астам қаржы бөлінуде. Көпбалалы отбасылардың 4 мыңнан астам балаларының тегін демалысын ұйымдастыруға жыл сайын 230 млн. теңге қарастырылған.

Бұлардан өзге, соңғы 4 жыл ішінде партия ұсынысы бойынша көпбалалы отбасылардың мүшелері, мектеп, колледж оқушылары ЖОО студенттері мен зейнеткерлер жолақының жеңілдетілген 50 пайызын ғана төлейді, бұған жыл сайын 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Жеңілдікпен 350 мыңнан астам адам қамтылған.

Партия бастамасы бойынша түрлі өтемақылар беріледі. Мысалы, 2,3 мың отбасының, оның ішінде көпбалалы аналардың коммуналдық шығындары өндірілді. Осы категориядағылардың үйлеріне есептегіш коммуналдық қондырғыларды орнату шығыны өтелуде. Бүгінгі күні 1000-нан астам отбасыға 50 млн. теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары