$ 498.34  519.72  4.85

«Nur Otan» партиясы президенттікке кімдерді кандидат ретінде ұсынды?

Бүгін елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Съезд  барысында 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға партия атынан түсетін кандидаттың есімі жария етіледі. Қазіргі уақытта партия съезіне өңірлерден келетін делегаттардың саны белгілі. Мәселен, Алматы облысынан 45, Қызылорда облысынан 30 делегат келген. Съезд жұмысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент палаталарының төрағалары Дариға Назарбаева мен Нұрлан Нығматулин,  Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, депутаттар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, дипломатиялық корпус өкілдері, өңірлерден келген 627 делегат, жалпы 1500-ден астам адам қатысып отыр.  

Айта кетерлігі, 10 сәуірде Елбасы «Nur Otan»  партиясының кезектен тыс ХІХ съезін шақыру туралы қаулыға қол қойды.  Сол күні Нұрсұлтан Назарбаев партияның орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілерімен кеңес өткізді.   

Онда ҚР Тұңғыш Президенті кезектен тыс президенттік сайлаудың өтуіне байланысты «Nur Otan» партиясы алдағы сайлау науқанына белсенді қатысуға тиіс екенін айтты.    

«Бұл сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Енді бізге партияның съезін өткізіп, ел президенттігіне кандидатура ұсынуымыз керек. Партияның аппараты съезді өткізу үшін қажетті жұмыстардың бәрін жылдам іске асыруға тиіс. Партиямыздың атынан кандидатура ұсынғаннан кейін Қоғамдық сайлау штабының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыспен менің бірінші орынбасарым Мәулен Әшімбаев айналысады», - деген еді Елбасы. 

Ал кеше «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия Саяси кеңесінің отырысын өткізді.  Оған Саяси кеңес мүшелері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, атқарушы мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, кәсіпкерлер, дәрігерлер, білім, мәдениет, спорт саласының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және тағы басқалар қатысты. Сондай-ақ отырысқа партияның кезектен тыс XIX съезінің делегаттары да шақырылды. Іс-шара барысында бүгінгі съездің қарауына шығарылатын Қазақстан Республикасының Президенттігіне «Nur Otan» партиясынан кандидат ұсыну туралы мәселе талқыланып, съездің жұмыс органдарының құрамы пысықталды.

Естеріңізде болса, 9 сәуірде республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын  2019 жылдың 9 маусымда өткізу туралы шешім қабылдағанын жария еткен болатын.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары