$ 495.2  522.34  4.94

Тоқаев жүктеген төрт тапсырма: Архимед Мұхамбетов бәрінен бұрын Арқалық қаласын көмірмен жылыта ала ма?

Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне егін мен қазандық жағдайынан бөлек, өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру және Қостанайдағы әуежайды қайта жөндеу қажеттігін де тапсырды.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовті қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақордаға сілтеме жасап.

Өңір әкімі президентке астық жинау жұмыстарына дайындық барысы, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы, сондай-ақ, машина жасау саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев астық жинау науқанын уақытылы жүргізудің және тұқым қорын дайындаудың маңыздылығын айтты. Маңыздысы маңызды-ау, бірақ, биыл сол астықтың жиналуы қалай болар екен?

Еске сала кетсек, біз таяуда ғана аптап ыстықтан Қостанай облысындағы 4 млн гектардай алқаптағы егіннің күйіп кеткенін жазған едік. Сонда атап өткендей, әзірге астықты өлкенің қырманға бидай тасу көрсеткіші – гектарына 2 жарым центнер ғана. Ал егіні мүлде шықпай қалған 5 шаруашылық өтемақы алуға өтініш берген. Мамандар мұндай өтініштің әлі талайы түсуі тиіс деген болатын.

Сондай-ақ, бүгін Мемлекет басшысы Архимед Мұхамбетовке Арқалық қаласының жылумен қамту жүйесін қайта жөндеу жөнінде ұсыныс беруді тапсырды. Міне, егіннен кейінгі бар гәп осы мәселеде болып тұр!

Торғай облысының орталығы кезінде дүрілдеп, жылу қазандығы гүрілдеп тұрған Арқалық кейін Қостанай облысына қарасты шағын шаһарға айналғанда жұрт жетім қыздың күйіне түскені анық. Жыры бітпей келген Арқалық-Шұбаркөл теміржол желісі 2014 жылы пайдалануға берілсе де, қала тұрғындары бұрынғыша мазутпен жылынып отыр. Ал салынғанына жарты ғасырдан асқан ескі жылу қазандығы жыл сайын жамалады.

Қымбат отынның тасымалын қоса есептегенде, бір тоннасы 55 мың 976 теңгеге жетеді екен. Салдарынан жылуға кететін шығын тұтынушылар жасап отырған төлеммен толық өтелмейді. Мысалы бір жылдық отынға 1 миллиард 73 миллион теңге қажет болса, соның 634 миллионы мемлекеттен субсидия есебінде бөлінеді. Мұндай қайтарымсыз шығыннан құтылудың жалғыз жолы – қатты отынмен жанатын жылу орталығын салу екендігі 90-жылдардан бері айтылып келе жатыр. Бірақ...

«Мазут Атыраудың Ақжайық стансасынан тасымалданады. Шұбаркөлдің көміріне көшетін болсақ, шығын азаяр еді. Шұбаркөл Арқалықтан 215 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерден тасымалданатын көмірдің тоннасы қымбат дегеннің өзінде 10 мыңнан сәл асуы мүмкін. Орта есеппен қаланың бір жылу маусымында 24-25 мың тонна мазут тұтынылады. Енді есептейік, қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін тоннасы 10 мың теңгеге көмір алған тиімді ме, әлде тоннасы 55 мың теңге тұратын мазут алған тиімді ме?».

Осыдан екі жыл бұрын Арқалық жылу электр компаниясының директоры Амандық Әбішев бізге осылай депті. Қойындәптерімізде тайға таңба басқандай етіп түртіліп тұр. Ал сол кезде облыстың осы әкімі көмір арқылы жылу таратуы тиіс жаңа нысанның құны 6 миллиард теңгеге түскелі тұрғанын мәлімдеген. Мамандар оның техникалық, экономикалық зерттеулерін жасап жатқан еді.

Әйтпесе, қазір қаладағы мазутқа тәуелді тариф құны пәтердің әр шаршы метріне 132 теңге шамасында болып тұр. Егер Үкімет қорынан бөлініп тұратын қаржы болмаса, тариф 300 теңгеге дейін көтеріліп, 30 шаршы метр бір бөлмелі үйді жылытудың өзіне айына 10 мың теңгедей шығын кетеді. Ал қаланы көмірмен жылытар болса, бастапқы 132 теңгені Үкімет қаржысына иек артпай-ақ сақтап қалуға болады екен.

Шағын ғана бір Арқалықты жылыту үшін диаметрі 800 мм құбырлар да тиімсіз көрінеді. Демек, қаланы жылытуды көмірге ауыстыру үшін қазандықты соған лайықтап қайта жасау керек. Сондықтан облыс әкімдігі жылу қазандығын биыл емес, келесі жылы ауыстыруды ойластырып қойыпты.

Осыдан екі жыл бұрын дедік қой... Иә, сол 2017 жылы жұмыс сапарымен аймақты аралаған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жергілікті әкімдікке жылу қазандықтарын тағы бір қарап, жылыту маусымына дайындықты дұрыстап пысықтауды тапсырған болатын. Сондай-ақ, ол арнайы алқа мәжілісінде тұрғындардың қарызын да сөз еткен еді. Айтуынша, Қостанай облысы тұрғындарының коммуналдық мекемелерге берешегі сол кезде 69 миллион теңгеге өсіп, барлығы 482 миллион теңгені құраған. Қарыздың 73%-ы – жылу мекемесіне тиесілі.

Одан бері жұрттың жылуға қарызы мәселесін қалай шешкендерін қайдам, әйтеуір, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне егін мен қазандық жағдайынан бөлек, өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру және Қостанайдағы әуежайды қайта жөндеу қажеттігін де тапсырды.

Президент алдынан бас изеп, бәрін қалпына келтіруді уәде етіп шыққан Архимед әкімнің осы басты-басты 4 тапсырманы қанша мерзімде орындай алатынын уақыт көрсетер. Әйтеуір, арқалықтықтардың көмірмен жылынып, қазақстандықтардың Қостанай нанын жегісі келетінін қаперде ұстаса болғаны. Тек бағалары өсіп кетпесе игі.

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары