Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Астана қаласындағы ішкі істер департаментінің бірқатар нысандарын аралап көрді. Бұдан соң Премьердің төрағалығымен Ішкі істер министрлігінде жергілікті полиция қызметін дамыту мәселелері бойынша кеңес болды.
Аталған жиынға Үкімет мүшелері мен бірқатар министрліктер мен ведомстволар басшылары қатысты. Сондай-ақ, оның жұмысына Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Бас прокурор Жақып Асанов, сонымен қатар, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің басшылары да шақырылды. Отырыста баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жергілікті полиция қызметінің қалыптасу барысы мен оны жетілдіру шараларын баяндады. Министр бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 30-қадамын орындау барысында жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдарына қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа нысанына көшуге мүмкіндік жасағандығын ерекше атады. «Аталған қызметтің жергілікті қоғамдастыққа есеп беру міндеттілігі заңмен бекітілді, ал әкімдер жергілікті полиция қызметіне жаңа міндеттер қойып, олардың орындалуын бақылау құқығына ие болып отыр. Жергілікті полиция басшылары үнемі мәслихат пен халық алдында есеп береді, деді Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы.
Жалпы, жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторларының халық алдындағы 14,5 мыңға жуық есептік кездесуі өтіп, оларға миллионға жуық азамат және 7,6 мыңнан астам жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысқан екен.
Осындай келелі кездесулер барысында ішкі істер және өзге де мемлекеттік органдар қызметіне қатысты 11,7 мыңнан астам ескертпелер мен ұсыныстар көлденең тартылғаны белгілі болды.
Мұндай есептік кездесулер барысы бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланып отырғаны да аталмай қалмады. Кездесулер жергілікті полиция жұмысын ұйымдастыруға өзіндік оң ықпалын тигізеді. Өйткені, полицияның жергілікті атқару органдарымен тығыз қатынас орнатуына және аталған қызмет жұмысына екіжақты бақылау орнатуға барынша мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдармен және тұрғындармен өзара серіктестікке негізделген қарым-қатынастар орнамақ. Бұл өз кезегінде полиция жұмысының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға септігін тигізеді.
Мәжіліс барысында, сонымен бірге, бірқатар аумақтық жергілікті полиция қызметі мен ішкі істер департаменттері бастықтарының есептері тыңдалды. Одан белгілі болғандай, жергілікті полиция қызметінің бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша полиция жұмысының жеке көрсеткіштері жақсарған. Тарқатып айтқанда, жол-патрульдік полиция жасағы қатысуымен ашылған қылмыстардың көрсеткіштері 15,2%-ға, ал учаскелік инспекторлардыкі 16,8%-ға жақсарған. Бұдан басқа, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаудың саны 9,4%-ға артқан. Кешенді шаралар қабылдау нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 2%-ға, жолда қаза тапқандар 10,4%-ға, ал жарақат алғандардың саны 1,5%-ға азайған.
Реті келгенде айта кету керек, қазіргі кезде жергілікті полиция қызметі құрамына кірген бөліністер саны 25 мың бірлікке жетіп отыр. Әйтсе де, жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық жабдықталуы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жергілікті полиция қызметін автокөлік, бейнетіркегіштер, байланыс құралдары, компьютерлік техникамен жабдықтау және т.б. бойынша бірқатар шаралар қабылдаған.
Жоғарыда атап кеткеніміздей, кеңес жұмысы басталар алдында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов елордадағы жергілікті полиция қызметінің бірқатар нысандары мен құрылымдарын аралады. Алдымен елорданың сол жағалауында орын тепкен «Астана Innovations» АҚ-та болған К.Мәсімов осындағы «Қауіпсіз қала» жобасы аясында енгізілген жаңа технологиялармен танысты. Үкімет басшысы Астана қаласы тыныс-тіршілігінің қауіпсіздігін кешенді қамтамасыз ету жүйесінің мүмкіндігі көрсетілді. Сонымен қатар, Премьер-Министр «Сарыарқа» аудандық ІІБ-де болып, жергілікті полиция қызметінің жұмысы нәтижесімен, ІІД ЖПҚ Жол-патрульдік полиция полкі және департаменттің арнайы жедел әрекет ету жасағымен танысты.