Күні кеше Мемлекет басшысының төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өткен болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылайша алтыншы сайланымның екінші сессиясын ашты.
Елбасы өзінің алғашқы сөзін елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы, экономикамыздың дамып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолында депутаттардың алдында тұрған жаңа міндеттер мен қабылданатын қажетті заң жобаларынан бастады.
– Құрметті депутаттар!. Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын! Жер-жерде сайлаушылармен кездесіп, жаңа ойпікірлер жинақтады деп сенемін. Биылғы сессия қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлайтын кезеңге сай келіп отыр. Қазір әлемдік экономика аса күрделі кезеңдердің бірін бастан өткеруде. Шекара талғамайтын терроризм мен экстремизм дүниенің барлық қиырын шарпып келеді. Мұның бәрі жаһандық әлемнің ажырамас бөлігі – Қазақстанға да ықпалын тигізуде. Соған қарамастан, біз заманның сын қатерлеріне лайықты жауап беру үшін зор қызметтер атқарып келеміз, – деді Мемлекет басшысы өзінің жиынашар сөзінде.
Мемлекет басшысы бұдан әрі еліміз Тәуелсіздік тарихының екінші ширегін тың қарқынмен бастайтынына тоқталды. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясында көздеген мақсаттарымызға үздіксіз ұмтылатын боламыз. Алдымызда үлкен міндеттер мен ауқымды жұмыстар тұр. Бұл орайда, Парламентке де зор жауапкершілік жүктеледі. 5 институттық реформаны жүзеге асырудың Ұлт Жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету қарқынмен жалғасын табуы қажет. Еліміздің дамуына қажетті көптеген заңдар қабылдау керек. Олардың ішінде кезек күттірмейтін, қысқа мерзімде қабылдау қажет заңдар бар. Мен кәсіби Парламентіміз өзіне жүктелген тарихи міндетін абыроймен атқарарына сенімдімін, деді Қазақстан Президенті.
Елбасының айтуынша, Парламенттің екінші сессиясы жұмысын жауапты тарихи кезеңде бастап отыр.
Біріншіден, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын қарсы алуға дайындалуда. Бұл – жылдың ең негізгі оқиғасы. Бізге еліміздің барлық жетістігін саралау қажет. Мерейтойлық оқиғаның өзі түсіндіру жұмыстарының қорытынды кезеңі болуы тиіс. Біз қол жеткізе алған нақты нәтижелерді әрбір қазақстандықтың сезінгені қажет. Сондай-ақ, болашақ жоспарларды да айқындау маңызды. Екіншіден, біз Қазақстанды жан-жақты жаңғырту жөніндегі Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне кірістік. Парламентке Үкіметпен бірлескен сындарлы жұмыс дәстүрін жалғастырған жөн. Жаңа заңдарды әзірлеу және қабылдау жөніндегі барлық мәселе бойынша Үкіметпен тығыз әрі үйлесімді іс-қимыл жүргізу керек, бұл ретте заңдар жете пысықталуы және сапалы болуы тиіс.
Қазақстан Президентінің айтуынша, әсіресе, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының халыққа жаңа заңнаманың мақсаты мен міндеттерін түсіндірудегі рөлін күшейту маңызды. Ең алдымен, азаматтардың назарын заңдардың экономикалық және әлеуметтік оң әсеріне, бизнесті дамытудағы және халықтың кең ауқымының бақуаттылығын көтерудегі пайдасына аудару керек.
Үшіншіден, әлемдік экономикалық және саяси ахуал күрделі болып қалып отыр. Әлемнің көптеген дамыған және дамушы экономикалары қиындықтарды сезінуде. Әлемдік нарықтардағы бағаның құлдырауы мен құбылмалылығы халықаралық сауданы әлсіретті. Елдер арасындағы инвестициялық ағындар көлемі төмендеді. Осының бәрі Қазақстандағы ахуалға теріс әсер етуде, өйткені, біз әлемдік экономиканың бір бөлігіміз. Осындай жағдайда Үкімет пен Ұлттық банктің Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру жалғасады, ол жаңа шаралармен уақтылы толықтырылып отырады.
Бес институттық реформа, индустрияландырудың екінші бесжылдығы, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты аясында экономика өсімінің жаңа драйверлерін жүйелі түрде қалыптастыру қажет. Қазақстанның әлемдік шикізат өнімдері бағасының құбылуына тәуелділігін төмендету жұмыстарын жалғастыру маңызды. Сондықтан біз, ең алдымен, шикізаттық емес өнімдерді экспортқа шығаратын кәсіпорындарды мемлекеттік қолдауға басымдық береміз, деді Елбасы.
Мемлекет басшысы жаңа геосаяси сын-қатерлерді ескеру қажеттігін де айтты. Халықаралық қатынастар жүйесі жетекші державалардың арасындағы қарама-қайшылықтың өсуі салдарынан болжап болмайтын сипат алды. Бұл әлемдік қоғамдастықтың халықаралық терроризммен және экстремизммен күресін қиындатады.
Өткен жаздағы оқиғалар көрсеткендей, әлемде бірде-бір ел терроршылар шабуылынан қорғалмаған. Сондай-ақ, террорлық қауіп-қатер Қазақстан үшін де өмір шындығы болып табылады. Жаһандық соғыстың алдын алу және адамзаттың өз-өзін ядролық қарумен жойып жіберу қаупі бүгін қайтадан халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды.
Тәуелсіздік ғасырының екінші ширегін біз қиын кезеңде бастағалы отырмыз. Алайда, бұл жағдай ғасыр ортасында жетеміз деп отырған Ұлы мақсатымыз – Қазақстанды Еуразияның ең дамыған елдері қатарына, яғни әлемнің дамыған мемлекеттері клубына қоспақ ниетімізге кедергі жасамауы тиіс, деп атап өтті Мемлекет басшысы бұл бүкіл мемлекеттің, оның ішінде биліктің заң шығарушы тармағының бұрынғыдан да тиімді жұмыс істеуін, қоғамның бірлігін, табысқа жету жолында тұтастай жұмылуды қажет ететінін атап көрсетті. Тұрақтылық және қазақстандықтардың өзара түсіністігі мен толеранттылығы жағдайында ғана алға қойған мақсаттарға жете алатынымызды айтты. Бұдан әрі Елбасы осы сессияда қаралуы тиіс заң жобаларына тоқталды.
Жаңа сессияда сіздер талқылап, қабылдауларыңыз керек 50-ге жуық заң жобасы бар. Жеті жаңа заңды депутаттардың өздері ұсынып, Үкімет қабылдады. Бұл бастамалар депутаттар корпусының жоғары кәсіби деңгейін дәлелдейді. 28 жоба бойынша талқылау өткен сессияда басталды. 2016 жылдың заң жобалары жұмысының жоспарына сәйкес Үкімет Мәжілістің талқылауына 4 жоба ұсынды, тағы 7 жоба осы жылдың аяғына дейін ұсынылады. Бірқатар заң жобаларын Үкімет Мәжілістің қарауына кезектен тыс енгізеді. Жалпылай алғанда, депутаттық корпусты мынадай бағыттар бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр, деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бірінші. Ел қауіпсіздігінің заңнамалық негізін нығайту. Әлемнің өзге елдері сияқты Қазақстан да тікелей террорлық қауіпқатерге кез болды. Ақтөбе мен Алматыдағы террорлық актілердің салдарынан Ұлттық ұлан сарбаздары, полиция қызметкерлері және ешбір жазығы жоқ азаматтар қазаға ұшырады. Осындай жағдайда мемлекет ұлттық қауіпсіздікті нығайтуы тиіс. Менің тапсырмам бойынша экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, қарсы барлау қызметі, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу, пробация, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша 7 заң жобасы жасалып, Мәжіліс қарауына енгізіледі. Депутаттардың жобаларды мұқият қарап, осы жылдың аяғына дейін қабылдауын сұраймын, деп аяқтады сөзін Н.Назарбаев.
Екінші. Ұлт Жоспарын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету. Ең алдымен, институттық реформаларды тереңдету үшін бағалау, коллекторлық және жеке детективтік қызмет, Зардап шеккендердің шығынын өтеу қоры туралы заңнамалық актілерді қабылдау маңызды мәнге ие болмақ.
Назарбаев Университеттің халықаралық практикасы мен тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін заңнамалық тұрғыда кеңейту қажет.
Депутаттарға жергілікті өзін өзі басқару органдарының дербес бюджетін енгізу бөлігінде заңнамаға қосымшалар қабылдау қажет болады.
Электр энергиясы мәселелері жөніндегі заңнамаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Олар энергияны тарату шығындарын төмендетуді және тиісінше, тұтынушылар үшін оның құнын азайтуды қамтамасыз ету мақсатын көздейді.
Елбасы сол сияқты, стандарттау туралы заңнамалар пакетінің де маңызы зор екенін айтты.
Өздеріңізге белгілі, мен Жер реформасы жөніндегі комиссияның Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты мораторийдің күшінде тұру мерзімін 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы ұсынысын қолдадым. Жер реформасы жөніндегі комиссия қоғамды толғандырған проблемалы мәселелерді талқылай отырып, үлкен жұмыстар жүргізді. Үкімет енгізетін жекелеген заң жобасында көрініс табуы тиіс бірқатар ұсыныстар қалыптастырылды. Атап айтқанда, ол ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді беру процедураларын жетілдіру, олардың ұтымды пайдаланылуына бақылауды күшейту мәселелеріне қатысты, деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жер заңнамасына түзетулер енгізу туралы шешім қабылдау кезінде Үкі¬меттің агроөнеркәсіп саласына қаржы тарту мақсатын басшылыққа алғанын еске салды. Ауыл шаруашылығын көтеру оған ілесе көптеген салалардың дамуына жағдай туғызбақ. Салаға ықпал жасау үшін мемлекеттің қаншалықты күш-жігер жұмсағанын барлық аграршылар біледі. Әр жыл сайын аграрлық секторға айтарлықтай қаржы салынады, бірақ олар барлық уақытта бірдей өзін-өзі ақтап, кері қайта бермейді. Қазіргі заманғы экономикада олай болуға тиіс емес. Себеп, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігінде жатыр, оны көтеру үшін қосымша қаржылар салу қажет. Бүкіл әлемде аграрлық секторға инвестициялар тарту үшін жұмыс істейді.
Соған орай, Елбасы біздің мемлекетіміз де ауыл шаруашылығының деңгейі мен сапасын көтеру үшін көбірек капитал салымдарын тартқысы келетінін айтты. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, одан кейін ғана заң қабылданғанда, онда ахуал басқаша болар еді. Бұл аспектілерді заң шығарушылар аграрлық саланы реттейтін заң жобаларымен жұмыс істеген кезде ескеруі тиіс, деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Үшінші. Парламентке үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қарап, қабылдауға тура келеді. Онда мен айтып өткен жаһандық тенденциялар мен сын-қатерлерді ескере отырып, 2017-2019 жылдарға арналған бюджет саясатының қағидаттары мен оған қатысты көзқарастар анықталатын болады. Мемлекет кепілдендірген әлеуметтік пакеттің шығыстары көлемін сақтауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қажет. Әңгіме бірінші кезекте зейнетақылар, жәрдемақылар, стипендиялар және өзге де әлеуметтік төлемақылар туралы болып отыр, деді Қазақстан Президенті.
Елбасының айтуынша, бюджет саясатын қандай да болмасын жағдайда қазақстандықтардың өмір деңгейлерін төмендетуге жол берілмейтіндей етіп қалыптастыру қажет.
Ұлттық қордан берілетін кепілді трансферттер туралы, сондай-ақ, республикалық және өңірлік бюджеттер арасындағы трансферттердің көлемі туралы заңдар үш жылдық бюджетпен бір пакетте өтеді. Парламент пен Үкімет бюджет қаржыларын игеру мәселесіне қатаңырақ бақылау жасауы тиіс. Оның үстіне бюджет шығыстарын игермеу проблемасы салалық та, өңірлік те деңгейлерде орын алуын жалғастыруда. Бөлінген қаржылар экономиканы дамытуға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеуі тиіс, деді Мемлекет басшысы.
Төртінші. Депутаттық корпустың Қазақстан бекіткен бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялау мәселелерін қарауына тура келеді.
Бесінші. Парламент – ол халық өкілдігінің басты органы. Сондықтан Парламент палаталарының қызметі қоғам үшін барынша ашық болуы тиіс. Заңдарға деген қажеттілік пен оларды қабылдаудың бүкіл қисыны қазақстандықтарға түсінікті болуының маңызы зор. Күзден бастап Сенат пен Мәжіліс жұмыстарын, сондай-ақ, Парламент палаталарының бірлескен отырыстарын онлайн режімінде тікелей тарату оған жағдай жасайтын болады.
Мемлекет басшысы заң шығарушылық үдерісінің шеңберлерін кеңейте түсу қажеттігіне де тоқталды. Жобаларды дайындау сатысында оған қоғамдық сарапшыларды, парламенттік емес партиялардың, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерін тарту қажет. ЭЫДҰ елдерінің халықты алдын ала құлақтандыру және қажетті құқықтық жаңа бастамаларды қоғамдық талқылау жөніндегі тәжірибесін белсенді пайдаланған жөн, деп атап өтті Елбасы.
Президенттің айтуынша, заң шығару үдерісіне қатысатын мемлекеттік органдардың барлық басшылары, сондай-ақ, партиялық фракциялар қоғамды жоспарланып отырған заңнамалық бастамалар туралы тұрақты түрде ақпараттандырып отыруы керек. Бұл орайда парламенттік фракцияның бастамашылық рөлі және «Нұр Отан» партиясының барлық құрылымдары мен филиалдарының ырғақты іс-қимылы айрықша маңызды. Заңдарды қабылдау үдерісіне деген мұндай көзқарас қазақстандықтардың құқықтық мәдениетін арттыратын болады.
Отырысқа төрағалық еткен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин барлық депутаттар атынан Елбасына Парламенттің екінші сессиясын ашып, алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгілеп бергені үшін зор алғыс білдірді. Бірлескен отырысқа еліміздің Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен, депутаттар корпусының алдына қойған міндеттерден алған әсері туралы Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов айтылғандардың бәрі де барынша өзекті мәселелер екенін ауызға алды. Әлеуметтік жағынан қорғалуға тиісті әлжуаз топтарға қолдау білдіру мәселелеріне Президенттің кезекті рет назар аударып, оларды жетілдіру қажеттігін айтқаны дұрыс деп санайтынын жеткізді. Елдің қауіпсіздігін сақтау мәселелері және оны жетілдіру туралы заң жобасы қабылданатынын айтқаны да менің ойымнан шықты. Мен өзім бұрынғы әскери қызметкер болғандықтан, елдің қауіпсіздігі мәселесіне бірінші кезекте назар аударамын. Бүгінгі таңдағы террористік, экстремистік әрекеттердің біздің елімізге де жеткені мені қатты алаңдатады. Осындайларды болдырмау үшін заңнамаларымызды қатаңдату бүгінгі таңдағы өзекті міндеттердің бірі. Президенттің сондай заңның қабылдануы керектігін айтқаны менің ойымнан шықты. Сол заң жобасы бізге осы қыркүйек айының аяғында қаралуға келеді екен. Бұл өте дұрыс мәселе деп санаймын. Оның азаматтарымыздың тыныштығын сақтау жолында барынша жетілген, тиімді болуы үшін өз тарапымнан да үлесімді қосуға дайынмын, деді Абай Тасболатов.
Парламент депутаттарының ішіндегі ақсақалдарының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов та Елбасының сөздері туралы өзінің ақжарма пікірін ортаға салды. Президент дүниежүзілік қоғамдастықта, соның ішінде біздің елімізде болып жатқан жағдайларды ескере отырып, халқымыздың әлеуметтік жағдайын төмендетпеу шараларына айрықша мән берді. Қабылданатын заңдардың бәрі де халықтың мүддесіне, әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуі керектігін атап өтті. Сонымен қатар, ол қабылданатын заңдар алдымен халық арасында талқылануы керектігін айтты. Соның ішінде «Жер туралы» Заңның қоғамдағы әртүрлі пікірлерді ескермей қабылданғандығын мысалға ала отырып, мұндайдың алдағы уақытта орын алмауын ескертті. Сөйтіп, заң қабылдау ісінде мейлінше ашықтық, талқылау үдерістері барынша мөлдір болады. Заң жобалары мүдделі топтар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерінің қатысуымен талқыланбақ. Қабылданатын заңдардың қажеттілігі халыққа жеткізіліп, кеңінен таныстырылып отыруы керек. Міне, осындай мәселелерге Елбасы өзінің сөзінде ерекше екпін түсіріп айтты, деді депутат.
Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов те Елбасы өзінің сөзінде қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударғанына тәнті болғандығын жеткізді.
Президент жаһандық қауіптер – терроризм мен діни экстремизм сияқты нәубеттердің алдын алуға бағытталған заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін заң қабылданатынын атап өтті. Біз жазғы демалыс күндерінде Ақтөбе, Атырау облыстарының халқымен кездестік. Сонда олардың бәрі де бірауыздан елдегі тыныштықтың қамтамасыз етілуін талап етті. Елде тыныштық пен татулық болмаса, алдымызға қойып отырған мақсаттарымызға, ұлы мұраттарымызға қол жеткізу мүмкін емес. Президент Н.Назарбаев Парламент сессиясын ашқаннан кейін депутаттармен бейресми жағдайда кездескен еді, сол жерде мен оған аталмыш заңды халық күтіп отырғанын жеткізіп, алға қойылған міндеттерді олар қызу қолдайтынын білдірдім. Сонымен қатар, Президент үшжылдық бюджеттің қабылданатынын айтты. Осы жерде Елбасы экономикалық қиындықтарға қарамастан, бюджетті қабылдау барысында барлық әлеуметтік кепілдіктер толық сақталуы қажеттігін талап етті. Бұл да өте өзекті мәселе, деді сенатор.
Сөйтіп, жаңа сессия өзінің жұмысын бастап кетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі ең өзекті мәселелердің заңнамалық шешімін міндеттеген сөздері депутаттардың да ойынан шығып, олардың құлшынысын арттырғаны көрініп тұрды.