$ 498.34  519.72  4.85

Елбасы G20 саммиті аясында бірнеше елдің басшыларымен кездесті

ҚР Президентінің саммит аясындағы алғашқы кездесуі АҚШ басшысы Барак Обамамен өтті. Кездесу барысында тараптар бірқатар маңызды салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Екі елдің көшбасшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Б.Обаманың президенттік билігі кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастық көптеген бағыттар бойынша, соның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Б.Обама Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттары үшін жақын дос және сенімді серіктес екенін айтып, өзінің президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де өзара тығыз іс-қимыл жасауға әзір екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті АҚШ Президенті Б.Обаманы елімізге сапармен келуге шақырды.

Мұнан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, сондай-ақ байланыстарды одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пан Ги Мун халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы еліміз бен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың жемісті екенін айтып, Қазақстан ұйымның жаһандық бастамалары мен жобаларын қолдайтынын жеткізді.

Пан Ги Мун елімізбен тиімді серіктестіктің одан әрі нығайып, дами беретініне сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың саммит аясындағы кезекті кездесулерінің бірі Ұлыбритания Премьер-Министрі Тереза Мэймен өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Тереза Мэй елдер арасындағы екіжақты өзара қарым-қатынас мәселелерін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Д.Кэмеронның Премьер-Министр болған кезінде өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтіп, Т.Мэйді елімізге сапармен келуге шақырды.

Елбасының Канада Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесу барысында Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар тәрізді басты бағыттарына қатысты пікір алмасылды.

Бұдан бөлек, халықаралық дамудың көптеген мәселелері бойынша ұстанымның ортақтығы, сондай-ақ түрлі салаларда, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында екіжақты өзара іс-қимылды нығайту үшін зор әлеует бар екені айтылды.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Д.Трюдоны Астанаға сапармен келуге шақырды.

Ал, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен болған кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылды. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы жағдай жөнінде де пікір алмасты.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жаһандық терроризммен және экстремизммен күресте халықаралық қоғамдастықтың күшін жұмылдырып, іс-қимылды нақты үйлестіру қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Әбішұлының саммит аясында кездескен соңғы мемлекет басшысы Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ болды. Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту перспективалары тәрізді екіжақты өзара іс-қимылдың басты бағыттарын талқылады. Сондай-ақ, екі елдің көшбасшылары халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Бұдан бөлек, екі елдің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға алдағы сапарын талқылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары