$ 443.85  474.3  4.8

Елбасы қытайлық миллиардер Джек Мамен кездесті

Кездесу барысында компаниямен ынтымақтастықты дамыту және оның Қазақстандағы қызметі аясын кеңейту перспективалары, соның ішінде электронды коммерция мен төлем жүйелерін интеграциялау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы біздің ел Қытайдағы электронды сауда саласының үздігі болып саналатын және сол бағытта зор жетістікке жеткен «Alibaba Group» қызметінің тәжірибесін зерттеуге мүдделі екенін атап өтті.

– Мен сіздің компаниямен серіктестікті қолдаймын. Біздің ұлттық компаниямыз – «Қазпоштаның» «Alibaba Group» компаниясымен өзара тиімді іс-қимыл жасауға барлық мүмкіндігі бар. Жалпы, сіздердің компанияларыңыз тәрізді кәсіпорындар әлемдік экономиканың орнықты дамуы мен тұрақтылықтың факторы болып саналады. Әлемді саяси фрагментациялау, шекараларды жабу және өзара санкция салу белең алған қазіргідей жағдайда сіздер бұл кедергілерді табысты еңсеріп, халықаралық сауданың дамуына ықпал етіп отырсыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Д.Ма Қазақстанда компанияның бастамаларына қолдау көрсетіліп отырғаны үшін алғыс айтып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары туралы айтып берді. Сондай-ақ, «Alibaba Group» директорлар кеңесінің төрағасы елімізбен серіктестік қарым-қатынастың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Естеріңізге салайық, қытайлық миллиардер биыл мамыр айының соңында Астана экономикалық форумына қатысқан болатын. Халықаралық жиын барысында Джек Ма қазақстандық кәсіпкерлерге өз ақыл-кеңесін беріп, сәтті бизнестің сырымен бөлісті. Оның пікірінше, Қазақстанда шағын компаниялардың санын арттыру қажет. «Егер сіздер экономикаларыңыз бұдан да қуаттырақ болу үшін сервистік қызметті дамытқыларыңыз келсе, шағын кәсіпорындарыңыз молырақ болуы қажет. Егер көбірек шағын компанияға қол жеткізгілеріңіз келсе, кәсіпкерлеріңіз көп болуы тиіс. Жастарды шабыттандырыңыздар, жастарды оқытыңыздар», – деді Джек Ма Астана экономикалық форумының кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде.

Оған қоса, ол «компанияларыңыз 20 жыл бұрын тамаша болған, ал келесі 20 жылда ол табысты болуы тиіс» екенін атап өтті.

Джек Маның пікірінше, әлемді одан ары қарай дамытуда Интернет жаһандық қана емес, негізгі рөлді атқармақ.

«Азия мен АҚШ-тың, Азия мен Еуропаның арасында электронды жол саламыз деп ойладық па? Кез келген шағын бизнес осы электронды жолмен жүріп, өз ісін тегін жүргізе алады. Қолында ұялы телефоны бар әр адам бұл жолда қалаған дүниесін сатып та алады, сата да алады. Менің ойымша, бұл ойлануға тұрарлық дүние», – деді Ма.

«Білім ақылды етеді. Егер ақылды болсаңыз, неге қол жеткізгіңіз келетінін білесіз. Алайда өмір – қатал, ол сізді дана болуға мәжбүрлейді. Даналыққа жеткенде, неден бас тартуға тура келетінін білесіз», – деді Қытайдан келген қонақ.

Джек Ма технологияның дамуына қатысты қызықты болжам жасады. «Қазір қолымызда бар технологиялармен, мәліметтермен алдағы адамдар 30-40 жылда адам тәнін кодтап тастайды. Біз ұзағырақ өмір сүреміз, қатерлі ісік ауруы мәселесін шешеміз. 200 жылдан соң ешбір адам 200 жылдан артық өмір сүрмеуі қажет деген заң болуы да мүмкін», – деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары