Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Елбасы Н.Назарбаевтың мәдениетті дамытуды мемлекеттік саясаттың басымдығы бар бағытының бірі ретінде атағанын айтты. Біз мәдениетті басқарудың қазіргі заманғы үлгісін қалыптастырудамыз, ол Қазақстан Республикасының әлемдегі ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуына септігін тигізетін болады.
Бүгінде елімізде Мәдени саясат тұжырымдамасы табысты іске асырылуда. 700-ден астам баспа және кітап шығарумен айналысатын мекемелер жемісті жұмыс жүргізуде. 11 мыңнан астам кітапхана есігі айқара ашық. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша
жалпы көлемі 18 мың библиографиялық жазбаларды құрайтын Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының қоры жүйелі түрде ұлғайтылып келеді. Бүгінде еліміздің әрбір 4-інші азаматы оқырман болып саналады.
Кітап көрме-жәрмеңкесі Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдыстырылуда. Бұл мәдени-ағартушылық мақсаттағы іс-шара ауқымды зияткерлік ортада ТМД, Еуропа және Азия мемлекеттері баспаларының, кітап саудасымен айналысатын және ғылыми, білім беру мекемелерінің, сондай-ақ полиграфиялық компанияларының басын қосуды көздеп отыр. Кітап көрмесіне таяу және алыс шетелдердің 20 елінен, оның ішінде Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Германия және т.б. елдерден 80-нен астам компания қатысуда.
Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін өткізу идеясы Астананы Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыруға үлес қосу мақсатымен іске асырылуда.
Мемлекеттік хатшы халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін аралау барысында жұртшылық назарына ұсынылған кітаптар экспозициясымен танысып, көрменің Франкфурт, Мәскеу, Бейжің сияқты қалалардағы ірі кітап көрме-жәрмеңкелері деңгейіне көтерілуіне тілектестік білдірді.