$ 498.34  519.72  4.85

«2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин төрағалық еткен палатаның кезекті жалпы отырысында еліміздің ең басты қаржылық құжаты – «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.

Жалпы отырысқа Премьер-Ми­нистр Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет мүшелері түгел қатысты. Заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев баяндама жасады.

Елдің 2017-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2016 жылға арналған нақтыланған ІЖӨ-нің және халықаралық ұйымдардың әлемдік экономиканың өсуі мен тауар нарық­тар­ындағы әлемдік бағалардың болжам­дары негізінде әзірленді, деп бастады өзінің сөзін Қ.Бишімбаев. Министр 2017 жылғы мұнай бағасы халық­аралық қаржы институттарының болжа­мына қарағанда 41 мен 61 АҚШ доллары аралығында болатынын айтты. Осы­ның ішінен бюджеттің параметрлерін негіз­деуге мұнай бағасы 35 доллар болады деп кон­сервативтік деңгей алыныпты. Ал металл бағаларына 2016 жылмен салыстырғанда 20121 жылы 11 пайызға өседі деген болжам негізге алынған. Мұнай өндіру көлемі 2017 жылы 79,5 млн тоннаны құрап, 2021 жылға қарай 86,5 млн тоннаға дейін өседі деп күтілуде, деді министр. Ал ІЖӨ-нің 2017 жылғы нақты өсуі 1,9% болып, 2021 жылға қарай 3,1% дейін жетеді деп болжанған. Ақшаға шаққанда бұл – 2017 жылғы 48,4 трлн теңгеден 2021 жылы 63,6 трлн теңгеге дейін өседі деген сөз. Ал халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 2017 жылғы 7,5 мың АҚШ долларынан 2021 жылы 10,0 мың АҚШ долларына дейін ұлғаяды деп болжанған. Одан әрі Қ.Бишімбаев экономиканың секторлары бойынша қанша өсім болатыны болжанғанын айтып өтті. Сонымен қатар, инфляция деңгейінің 2017 жылғы 6-8% шегі 2021 жылға қарай 3-4%-ға дейін төмендейтіні болжанып отырғанын жеткізді. Осындай болжамдар негізінде 2017 – 2019 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер мынадай болмақшы: Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2017 жылы 4 338,2 млрд теңге; 2018 жылы – 4 562,3 млрд теңге; 2019 жылы – 4 877,2 млрд теңге;

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ламасын қаржыландыруға бұдан бұрынғы Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған 720 млрд теңгенің ішінен 2017 жылы 441,6 млрд теңге мөлшерінде ныса­налы трансферт тарту жоспарлануда. Қал­ған 278,4 млрд теңге Ұлттық қордың резервінде қалды. Оларды пайдаланылу эконо­микада қалыптасып отырған жағдай­ды ескере отырып, 2017 жылы респуб­ликалық бюджетті нақтылау кезінде қарас­тырылады, деді министр.

2017 жылға арналған нысаналы транс­ферттің мына бағыттарға жұмсалатыны да айтылды:

1.«Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасына 387,4 млрд теңге, оның ішінде көлік-логистикалық инфрақұрылымды да­мытуға – 150,5 млрд теңге; «Ұлттық ин­­дус­триялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының индус­триялық инфрақұрылымын дамытуға – 7,7 млрд теңге; жылумен және сумен жаб­дықтау, су бұру желілерін жаңғыр­туға – 53,0 млрд теңге; тұрғын үй құры­лысы аудан­дарындағы инженерлік-комму­ни­ка­циялық инфрақұрылым және жеке тұрғын үй құрылысына – 57,4 млрд теңге; 2018 жылдың соңына қарай апаттық мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою үшін білім беру объектілерінің құрылысына – 71,7 млрд теңге және т.б.

2) Басқа басым бағыттарды қаржы­ла­н­дыруға – 54,3 млрд теңге;

Республикалық бюджеттің жалпы шы­ғыс­тары 2017 жылы 8 563,1 млрд теңге, 2018 жы­лы – 8 368,1 млрд теңге және 2019 жылы – 8 746,8 млрд теңге көлемінде ай­қын­далған.

Республикалық бюджеттің осы пара­метр­лерін өзінің баяндамасында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов та қайталап, кірістер мен шығыстардың бағыттарын нақтылап өтті. Соның ішінде 2017 жылы бюд­жет шығыстарының 41,7 пайызы әлеу­меттік мәселелерді шешуге жұмсалса, бұл үлес 2019 жылы 49 пайызға дейін жете­тінін атап өтті. Соның ішінде ең төменгі зейнетақы көлемі болжанған инфляция 7 пайыз болғанына қарамай, 9 пайызға дейін өсетінін атады. Ал денсаулық сақ­тау саласына бөлінетін шығыстар 2017 жылы биылғыдан 28,7 пайызға артаты­ны жеткізілді. Сондай-ақ, білім беру, мә­дениет пен спортты дамыту салаларына қа­рас­тырылған қаражат көлемдері де аталып өтті.

Баяндамалар аяқталған соң депутаттар Үкімет мүшелерін сұрақтардың астына алды. Депутат Абзал Ералиев ауыл шаруа­шы­лығына лизингпен жаңа техника алу бағдарламасының неліктен орындал­май отырғанын сұрады. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруа­шы­лығы министрі А.Мырзахметов жауап беріп, бұл мәселенің алыс шетелдік қымбат техникалардан гөрі сапасы олардан кем емес, арзанырақ техникалар алатын болсақ орындалады деген мазмұнда жауап берді. Біз алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істеп, машина-трактор паркін 70 пайызға дейін жаңартамыз, деді ол.

Депутат Серік Құсайынов Елбасы бекіткен таза ауыз сумен қамтамасыз ететін «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес 2020 жы­лы қазақстандықтар онымен толық­тай қам­тамасыз етіледі делінген еді. Со­ған қара­май, таза ауыз суға қол жеткізу көп­теген облыстарда әлі күнге 20-30 пайыз­дың деңгейінде қалып отыр. Осы мимырт қимылмен Елбасының тапсырмасы қалай орындалады, деді. Сұраққа Ұлттық эконо­мика министрі Қ.Бишімбаев жауап беріп, 2015-16 жылдардағы бюджет шы­ғыс­та­ры­ның қысқартылуына байланысты бұл бағ­дарламаның көздеген межеде орындалмай отырғанын алға тартты.

Бұл жауапқа Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің өзі де қанағаттанбады. Елбасы бекіткен «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының орындалмай жатқаны маған да түсініксіз, деді ол. Рас, 2014 жылы 3 жылдық бюджет шығыстарына біршама түзетулер енгізілді. Алайда, осының үстіне, 2016 жылдың 31 тамызында сіздер «Ақ бұлаққа» бөлінетін қаражатты өз тарапыңыздан тағы да азайтыпсыздар. Бекітілген мемлекеттік бағдарламаның шығыстарын министрліктің азайтуға хақы жоқ еді ғой. Оның үстіне, осы шығыстар бойынша былтыр 16 млрд тең­ге игерілмей қалған. Осыларды немен түсін­діресіз, деп ол министрге тікелей сұрақ қойды. Қ.Бишімбаевтың «ақша жет­педі» дегенді тағы да қайталай бастаған сыл­тауларын Төраға одан әрі тыңдағысы кел­мей, қаражаттың біраз бөлігі игерілмей жатқанда «қаражат жетпеді» деп айтудың өзі негізсіз. Сіз осы мәселені халыққа БАҚ бетінде түсіндіріп беріңіз, деп отырысты одан әрі жалғастырды.

Депутат Нұртай Сабильянов өз сұрағын Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа арнады. Экономикалық тұрақтылықтың біршама сақталып тұрғанына қарамай, бюджетті қайта-қайта нақтылай беретін себебіміз не, бағдарламалардың толық орындалуы үшін Үкімет қандай шаралар қабылдайды, деп сұрады ол. Премьер-Министр оған ұзақ жауап беріп, сыртқы экономикалық факторлардың әсерінен, соның ішінде түрлі саяси ахуалдардың ықпалымен мұнай бағасының өзгермелігіне байланысты бюджетті нақтылай беруге тура келетінін айтты.

Депутат Шавхат Өтемісов 2017 жылы жаңартылатын энергия көздерінен өндірі­летін электр қуатының үлесі 1,6 пайыз болады деп жоспарланған еді. Қазір бұл үлес 0,8 пайыз ғана. Соған қара­май, министрліктің 2017 жылғы бюдже­тінде осы шараға 95 млн теңге ғана көз­дел­ген. Осындай шағын қаражатпен белгі­ленген межеге қалай жетесіздер, деп Энергетика министріне сауал тастады. Оған Энергетика министрінің міндетін атқарушы Мағзұм Мырзағалиев жауап беріп, келесі жылы 117 Мгвт электр қуатын өндіретін «жасыл экономика» стансалары іске қосылады. Бұл нысандардың бәріне қаражат жекеменшік инвестициялардан тартылады, деді ол. Алайда, Төраға Н.Нығматулин оған тікелей сұрақтар беріп, министрліктің стратегиялық жоспарында көрсетілген кірістің тарифтерді көтеру арқылы алынатынын анықтады.

Осындай қызу талқылаулардан кейін 2017-2019 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет мақұлданды. Талқы­лауды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин үшжылдық бюджет жо­басының әлеуметтік сипаты басым екен­дігін атап өтті. Бұл Президент Н.Назарбаев­тың еліміздің әлеуметтік тұрғыдан жаң­ғырту жөніндегі бағдарына сәйкес келеді, деді ол.

Осы күні қаралған үлкен мәселенің бірі – «Кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобасының бірінші оқылымы болды. Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға да депутаттар көптеген сұрақтар қойды. Заң жобасы біршама талқыланған соң мақұлданып, екінші оқылымға әзірлеуге жіберілді.

Сондай-ақ, осы күнгі отырыста Ұлт­тық қордан 2017-2019 жылдарға бөлі­нетін кепілдендірілген трансферт және оның республикалық пен аймақтар бюджет­тері арасындағы бөліністері туралы заң жобалары да қаралып, мақұлданды. Ал кей­бір заңнамалық актілерге салық салу және кедендік әкімшілендіру, экстремизм­ге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы заң жобалары екін­ші оқылымда мақұлданып, Сенаттың қарауы­на жіберілді.

Сонымен қатар, Мәжілістің қарауына түскен кейбір заңнамалық актілерге жарнама, дене шынықтыру және спорт, мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.

Жақсыбай САМРАТ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары