$ 449.58  486.94  4.86

А.Мамин Ақтөбедегі жүзеге асқан жобалармен танысты

Кеше Ақтөбеге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бір күндік жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында министрліктердің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жол бастауымен ресми делегация «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» ЖШС-не ат басын тіреді.

Бұл кәсіпорын индустрияландыру картасына енген бірден-бір ірі жоба болып табылады. Өндірісте шапшаң жылдамдықтағы қозғалыс желісі үшін рельстер шығаруға мүмкіндік беретін инновациялық технология қолданылады. ТМД елдері арасында мұнда бірінші рет 120 метрлік рельс шығару игерілетін болады. Жыл басынан бері зауыт 6,1 миллиард теңгенің 32,7 мың тонна рельс өнімдерін өндірді. Олар кәсіпорынның өндірістік процесімен танысты. Серіктестік директоры Андрей Кузьмин зауыттың жартылай шикізат – сом темірдің пеште қызыл шоқтай балқытылып, дайын рельс шыққанға дейінгі про­цесін түсіндіріп өтті. Зауыт жұмы­сымен танысу кезінде оған өңірде ин­дустриялық-инновациялық мем­лекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды. 2010-2015 жылдары және биылғы жылдың басынан бері 523 миллиард теңге тұратын 83 жоба жүзеге асырылып, 7,8 мың жұмыс орны ашылғаны мәлім етілді.

А.Мамин бастаған топ зауыттың зертханасында болып, рельстердің төзімділігі, сапасы және басқа өлшемдері бойынша халықаралық стандарттарға толық жауап беретініне көз жеткізді. Мамандар зертханадағы бірегей қондырғылардың рельстің сапалы шығарылуына алғышарт жасайтынын жеткізді. Әр қондырғыны жете түсіндіріп, бірегей өнім шығарудың тура осы зертханада түйінделетінін баяндады.

Жалпы, зауыт жылына 430 мың тонна прокат, оның ішінде 200 мың тонна рельс және 230 мың тонна ірі сортты прокат өнімдерін шығара алады. Жобаның құны – 55 миллиард теңге. Индустрияландыру картасы бағдарламасына сәйкес жобаның инфрақұрылымдық желілерімен жарақтандырылуына облыстық әкімдік қолдау көрсеткен. Яғни, газ, су және канализация құбырларын тарту, зауыттың темір жол арқылы өтетін автожолы, 22 шақырым электр желісі осы бағдарлама аясында жүргізілген.

Серіктестік директоры А.Кузьминнің айтуынша, зауыт күніне 1 мың тоннаға дейін рельс шығара алады. Рельс шығару биыл ғана басталған. Енді 1,5 жылда кәсіпорын толық қуатына шығады. Қазір «Қазақстан темір жолы» АҚ тапсырысын орындауда. Сондай-ақ, рельс өнімдерін экспортқа шығару да қарастырылуда. Биыл бірінші рет Өзбекстанға өз өнімдерін жөнелткен зауыт болашақта Белоруссия, Грузия, Армения, Молдова және Тәжікстан нарығына шығуға бағыт ұстауда.

– Біз «Р-60» рельсін толық игердік, енді келесі жылы «Р-65» рельсін және құрылысқа қажетті бірқатар темір құрылғыларын игеруді қолға алдық. Біздің кәсіпорын шығарған рельс және басқа темір өнімдері сапасы жағынан әлемдік және халықаралық стандарттарға сай келеді, кей өлшемдер бойынша артып түседі, – дейді А.Кузьмин.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары аялдаған екінші кәсіпорын «Тұрғын үй құрылысы» комбинаты болды. Үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жалпы алаңы 460,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысын дамыту үшін үстіміздегі жылы тамыз айында «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС тұрғын үй құрылысы іске қосылды. Мұнда да А.Мамин темір-бетон панельдерін және тұрғын үй құрылысы үшін құрылғылар шығаратын өндірістің жұмыс процесіне назар аударып, өнім өндіру жайымен жете танысты.

Ол озық технология мен да­йын өнімдерді көріп, кәсіпорынның келешегі зор екеніне сенім артты. Бұл кәсіпорынның тұрғын үй құрылыс өнімдері толықтай ішкі нарыққа шығарылады. Жобаның құны 2,6 миллиард теңгені құрайды. Комбинаттың жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы материалдарын шығаруға қуаты жетеді. Кәсіпорын жұмыс қарқынын бірте-бірте арттырып келеді.

А.Мамин «Каспий плюс» ЖШС-нде болып, тау-кен және өндіру өндірісі үшін түрлі бекіткіш шығаратын кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Жыл басынан бері серіктестікте 20 мың дана бекіткіш өндірілген. Жалпы, биылғы он айда өңірдің өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 959,7 миллиард теңге құрады.

Содан кейін Премьер-Министр­дің бірініші орынбасары А.Мамин бастаған делегация жаңа көлік-логистикалық орталығында және «Шебер» құрылыс гипермаркетінде болды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары