$ 494.87  520.65  4.91

Шымкенттік дәрігерлер тұрғындарды жолдамасыз қабылдап, медициналық көмек көрсетпек

Қазақстанның барлық өңірлері мен қалаларында «Медицина – жанымызда» атты акция басталды. Акция аясында дәрігерлердің көшпелі бригадасы қаланың шеткері бөлігіндегі шағынаудандар мен елді мекендердегі халыққа медициналық көмек көрсетпек.

№9 қалалық емхананың білікті мамандары тұрғындарды жолдамасыз қабылдап, медициналық көмек беруді Жаңаталап елді мекенінен бастады. Емхананың Жаңаталаптағы бөлімшесіне 14 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Шағын емханада 8 жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 аймақтық педиатр, бір акушер-гинеколог жұмыс істейді. Сондықтан болар невропатолог, кардиолог, окулист, эндокринолог, отоларинголог, маммолог/онколог мамандарға қаралуға келген тұрғындар қарасы қалың болды.

– №9 қалалық емханада 62 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Коммунизм, Тұрлан, Алтынтөбе, Қызылжар, Жаңаталап, Көкбұлақ елді мекендерінде емхананың бөлімшелері жұмыс істейді. Барлығы қала орталығынан шеткері орналасқандықтан, дәрігерге уақытында қаралуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан тұрғындарды мейлінше қамтуға тырысамыз, – дейді №9 емхананың бас дәрігері Гүлнара Төлепбергенова.

Ақ желеңділер қала тұрғындарын қабылдап қана қоймай, қолжетімді медицина және міндетті әлеуеметтік медициналық көмек турасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Айта кетейік, акция 6 мамырға дейін жалғасады. Дәрігерлер тұрғындарды сағат 10:00 және 12:00 арасында қабылдайды. 25 сәуірде «Қайнарбұлақ» шағынауданында, 26 сәуірде «Тоғыс» шағынауданында, 29 сәуірде «Пахтакор» шағынауданында дәрігерлер қабылдау жүргізеді.

«SN.kz»-ақпарат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары