Қазақстанның бас онкологы Диляра Қайдарова Астана телеарнасындағы "Оңай емес" бағдарламасына сұхбат берді. Дәрігер әңгіме барысында қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға олардың ауруы жайлы шындықты жиі жасырып қалатынын сөз етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Еліміздің Бас онколог дәрігері ауруға шалдыққан адамдарға олардың науқасы жайлы бәрі айтылмайтынын алға тартты.
"Науқастың қатерлі ісікке шалдыққанын айта алмаймыз. Ол әрдайым бір үміт күтеді. Себебі әр адамның психикасы әртүрлі. Бірі шыдамай өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Өте жиі алдаймыз. Себебі адамның мұндай жаңалыққа мүлде дайын емес екенін көреміз. Кейбір адамдар керісінше, "маған шындықты айтыңыз" деп тұрады.
Соның өзінде аяғына дейін шындықты айтпаймыз. Мүмкін ол жаман да шығар. Америкада дәрігерлер науқасқа бар шындықты айтады. Бірақ оның алдында онымен психологиялық жұмыс жасалады. Оларға қатерлі ісік кез келген адамда туындауы мүмкін екені айтылады.
Құрбыларым қатерлі ісікке шалдықты. Біреуі өмірден озды. Оған үнемі өтірік айтатынмын. Қайтыс болатынын білсек те, соңғы минутқа дейін бәрі жақсы болады дей бердік. Қазір тағы бір құрбым осы ауруға шалдықты. Оған да солай айтамын. Қанша жерден дәрігер болсам да, адам емеспін бе", - дейді Диляра Қайдарова.
Сонымен қатар, онколог дәрігердің сөзінше, қатерлі ісікке шалдыққан әйел адамдар көп жағдайда ауруымен жалғыз қалатынын сөз етті. Айтуынша, күйеулері шыдамай, олардан бас тартады екен.
"Жақында үш баласы бар келіншек келді. Күйеуі маған жаман адам емес секілді көрінді. Бірақ ол шыдамай, әйелін тастап кетті. Содан күйзеліске түсіп, ауру асқынып кетті. Келіншек қатерлі ісікке шалдыққанына емес, күйеуінің тастап кеткеніне таңырқапты.
Дәрігерлер үш ер адамның бірі әйелінің қатерлі ісікке шалдыққанын білгенде оны тастап кететінін айтты. Алайда әйелдер олай жасамайды. Олар жұбайларының жанында жүріп, бағады. Өз тәжірибемде ауруға шалдыққан ер адамның әйелсіз, бала-шағасыз жалғыз қалғанын көрмедім", - дейді онколог-дәрігер.
Қазіргі уақытта ішек қатерлі ісігі әйелдер мен ер адамдарда бірдей анықталуда. Себебі біз етті жақсы көреміз, жиі тұтынамыз. Аптасына бір рет қызы ет жеу керек.