$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстандық дәрігер карантиндегі пациенттермен жұмыс күнін көрсетті (ВИДЕО)

«Бізде Оңтүстік Корея мен Италиядан келген және Қытайдың бірнеше азаматы бар», - деді Сәуле Атығаева.

Инфекционист дәрігер, көпсалалы медициналық орталық директорының орынбасары Сәуле Атығаева карантинде жатқан коронавирусқа күдікті адамдарға қалай күтім жасалатынын айтып берді. Ол 45-күн ауруханада жатқан емделушілерді видеоға түсірген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Біз коронавирус инфекциясы көп тараған елдерден келген адамдар жатқызылатын инфекциялық бөлімшеде жұмыс істеп жатырмыз. Бізде Оңтүстік Корея мен Италиядан келген және Қытайдың бірнеше азаматы бар», - деді Сәуле Атығаева.

Оның жұмыс күні таңғы 7:30-да басталады.

«Бірінші алдыңғы ауысымның дәрігерлері жаңадан келгендерге кезекшілігін тапсырады», - дейді инфекционист.

Мысалы, ауысымын тапсырған дәрігерлер пациенттердің біріне психолог қажет екенін айтты.

«Ол тамақтан бас тартып, жеміс-көкөніс әкелуін талап етті. Бәрінен бас тартты, ұрысып, медперсоналмен дөрекі сөйлескен», - деп есеп берді дәрігерлердің бірі.

Дәрігерлердің айтуынша, бақылаудағы пациенттердің ешқайсысында температура жоқ. Ауруханаға өткен түні Италиядан 13 пациент келіп түскен. Олардың арасында қызуы көтерілгендер жоқ. Ақпарат бойынша, бүгін екі науқас шығарылады, оларға аурухана құжаттары беріледі.

«Емделушілермен жұмыс бастамас бұрын дәрігерлер қорғаныш киімін киеді. Бір реттік костюм, бахила, бас киім және көзілдірік. Осылайша, олар көз, мұрынның шырышты қабығын, ауыз жұтқыншағын вирус жұқтыруы мүмкін емделушіден қорғайды. Барлық медицина қызметкері талапқа сай киінген», - деді Сәуле Атығаева.

Сондай-ақ, барлық жерде рециркуляторлар жұмыс істейтінін көрсетті. Қабылдау бөлмесі тәулік бойы жұмыс істейді. Дәрігердің айтуынша, палаталар негізінен бір орынды, бөлмелер жылы.

Пациенттерді аралап шыққаннан кейін, таза аймаққа кірмес бұрын дәрігерлер қолын антисептиктермен залалсыздандырады, киімін шешеді, қайта қолын тазалайды және содан кейін ғана медициналық құжаттамамен жұмыс істеу үшін таза аймаққа кіреді.

Видеода инфекционист 12 төсек тұрған реанимация бөлімін көрсетті.

«Жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, ауыр жағдайларда көмек көрсете аламыз», - деді дәрігер.

Емделушілердің рационы диета тағамдарынан тұрады: піскен асқабақ, көкөністерден жасалған салаттар, күріш және кеспе көже, вегетариандық, картоп пюресі және піскен балық.

Сәуле Атығаева бұл видеода коронавирусқа күдікті емделушілермен жүрген 45-күні екенін хабарлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары