$ 495.2  522.34  4.94

«Білуге құқығымыз бар»: журналистер ДСМ-нен коронавирус туралы толыққанды ақпарат беруді талап етті

Ақпарат ашық болмағандықтан, журналистер «Ел ішінде жұқтыру, яғни сырттан емес, елордада адамдардың бір-біріне жұқтыруы басталып кетті ме?» деп қорқып отыр.

Бүгін елордалық журналист Қымбат Тоқтамұрат facebook парақшасында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты тегтеп, одан коронавирус туралы ақпараттың не үшін үстірт хабарлана салып жатқанын, неге нақты мәліметтердің айтылмайтынын сұрады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Құрметті Елжан Біртанов мырза! Коронавирусқа байланысты ақпараттар неге үстірт хабарланып жатыр? Мысалы, бүгін Нұрсұлтанда қауіпті індетті жұқтырған тағы 14 адам тіркелді дейсіздер де олардың қайдан келгенін, қайдан жұқтыруы мүмкін екенін айтпайсыздар. Бұлар сонда карантинде үйде жатқан адамдар ма, əлде əлгі «смертельный рейстермен» ұшып келгендер ме? Əлде (ең қорқыныштысы да осы) ел ішінде жұқтыру басталды ма? Білгіміз келеді... Оқиғаның басы-қасында жүрген журналист əріптестерге «нақтылап жазсаңдаршы» десем, «дені дұрыс ақпарат бермей жатыр» дейді...» деп жазды әріптесіміз.

Оны өзге желі қолданушылар да бірден қолдап, жауапты ведомстводан толыққанды ақпараттарды талап ете бастады. Олардың дені – журналистер.

Мысалы, Ерлан Қаржаубайұлы деген азамат: «Сақтық үшін ашық ақпарат талап етеміз. Тағы басқа қай облыстарда бар, нақты жауап күтеміз!» деп жазды. Сол сәтте жазба авторы Қымбат Тоқтамұрат: «Әлгі өзге өңірге кеткен 6 адам табылды ма, карантинге жабылды ма? Қай өңірге кетті, бəрін білуіміз керек. Сосын алғаш тараған ақпараттардың бірінде «коронавирус жұқтырған адаммен бірге ұшып келген біраз адам елорданың маңайына кеткен (маңайдағы ауылдарды айтып тұр ма?)» деп те хабарланды. Бұл да маған жұмбақ болып қалды... Сұрақ көп, жауап жоқ», - деп налыды.

«Дұрыс! Талап етуіміз керек! Нұр-Сұлтанда бір түнде тіркілген 14 адам қайдан келді немесе қандай жағдайда жұқтырды? Білуге құқығымыз бар. Шыны керек, көшеге шыға алмай қалдық», - дейді Ләззат Кемелбаева.

«Ашық айтпағандарынан-ақ секемденіп отырмын! Құдай бетін аулақ қылсын!» - дейді Манаргүл Мекеш.

«Бұлардың аты-жөндері неге көрсетілмейді? Қылмыскер емес қой», - дейді Айгүл Болатханқызы.

Сонымен, бұл – елімізде БАҚ өкілдері тарапынан дүрбелең туды деген сөз. Таяуда Алматыда коронавирус жұқтырып алып, «менімен жақын байланыста болған адамдарды айтпаймын» деп ылаң салған «ерке» əйелдің де аты-жөнінің айтылмауы, егер оның аты-жөнін, суретін жариялағанда онымен байланысқандар карантинге өздері-ақ келетіні де тілге тиек етілді.

Тағы оқи отырыңыз: Коронавирус – сифилис емес: ауруды жұқтырғандардың аты-жөндерін жасырмаған маңызды

Ақпарат ашық болмағандықтан, журналистер «Ел ішінде жұқтыру, яғни сырттан емес, елордада адамдардың бір-біріне жұқтыруы басталып кетті ме?» деп қорқып отыр. Олардың пікірінше, ақпарат ашық болса, қоғамдық көліктерде, көпшілік жерде бейғам жүргендер кішкене болсын жүрексінер еді. Осы орайда, Әбдіхалел Нығметұлы есімді азамат: «Бір сұмдық «бұғып» жатпаса игі еді» деген күдігін де жасырмады.

«Ауруын жасырған өледі» демекші, ендігі ретте Денсаулық сақтау министрлігі барлық БАҚ-қа ресми ақпаратты бас-аяғы бүтін етіп таратуға мүмкіндік бермесе болмайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары