$ 494.87  520.65  4.91

Коронавирус тараған аймақтарды залалсыздандыруға 1500-ге жуық әскер жұмылдырылды (ВИДЕО)

Жауаптылар ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз екенін және 5 сағатқа дейін күшін жоймайтынын айтты.

Елде коронавирус таралған аймақтарда залалсыздандыру жұмыстары қарқын алды. Ауқымды іс-шараға қарулы күштерді биологиялық қорғау бөлімшелерінің 1500-ге жуық әскер жұмылдырылған. Олар күн сайын жұмыс істейді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Залалсыздандыру жұмыстары алдын ала жасалған сызба бойынша жүргізілуде. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, тазарту жұмыстарына 80 арнайы техника тартылған. Мамандар елдегі 12 қалада адамдар көп жиналатын орындар мен инфекцияның таралу қаупі жоғары учаскелерді бірінші кезекте залалсыздандыруда.

Олар ең алдымен медициналық мекемелерді, сауда орталықтарын, базарлар мен теміржол вокзалдарын, қоғамдық көлік аялдамаларын дезинфекциялаймыз деп отыр.

Әскерилер арнайы жеке қорғаныш киімдерімен жұмыс істейді. Өңдеу үшін жуу құралдарын және газсыздандыру жинақтарын пайдаланады. Жауаптылар ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз екенін және 5 сағатқа дейін күшін жоймайтынын айтты.

Ал Қарағандыда қызу жұмыс темір жол және автовокзалда басталды. Арнайы топ вокзал алаңдарына хлортекті сұйықтық шашып шықты. Мамандардың айтуынша, «Рубеж» деп аталатын антибактериалдық сұйықтық бірнеше сағат бойы микробтарды жойып тұрады. Сөйтіп, қауіпті вирустың таралуына жол бермейді.

«Бұл сұйықтық тек қана микробтарды жояды. Адамдарға қауіп төндірмейді. Хлортекті сұйықтық. Зертханада мамандар тексерген. Біздің мақсатымыз – суды молынан құйып, алаңдарды жуу емес, сұйықтықты тамшылатып шашу арқылы микробтарды жою», - дейді Қорғаныс министрлігі «Астана» өңірлік қолбасшылығы командирінің орынбасары Қанат Дайыров.

Әскери бөлімдер үлкен аумақтарды да залалсыздандыруға қауқарлы. Ол үшін сұйықтық та, адам күші де жеткілікті деп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары