Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустан жазылғандар оны қайта жұқтыруы мүмкін бе деген сұраққа жауап беруге дайын емес. Бұл туралы денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бойынша ДДСҰ бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Райан айтты, деп хабарлайды CNBC-ге сілтеме жасап Tengrinews.kz.
"Жазылғандардың вирусты қайта жұқтыруына келер болсақ, бізде бұл мәселеге жауап жоқ деп санаймын. Бұл белгісіз", - деді ол Женевадағы брифингте.
ДДСҰ өкілі Мария Ван Керкховенің сол брифингте айтуынша, әзірше коронавирусқа иммунитеттің қалай жасалатыны белгісіз.
"Қазіргі уақытта вирустан жазылғандардың ықтимал иммунитеті туралы аз ғана ақпарат бар", - деді маман.
Бұған дейін әр елдің дәрігерлері коронавирусты екінші рет жұқтырған науқастар бар екенін айтқан еді.