Күні кеше Денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметінен босатылған Камалжан Надыровтың бүгін коронавирус жұқтырып алғаны хабарланды. Ол қазір хал-жағдайы қалай екенін өзінің facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қазіргі уақытта мен елордалық ауруханалардың бірінде емделіп жатырмын. Бұл жаңалық осындай резонанс тудырады деп ойлаған да емес едім. Мен көптеген хабарламаларды қолдау сөздерімен оқыдым. Әрине, бұл маған күш-қуат береді. Көп рахмет!
Бақытқа орай, ауру салыстырмалы түрде жеңіл. Біздің дәрігерлер аянбай, кәсіби түрде жұмыс істейді. Осы айларда біліктіліктері жетілдірілгені анық. Әрине, оларға тағзым етемін, олар – нағыз батырлар! »,- дейді Камалжан Надыров.
Сондай-ақ, ол кезекшілікте өңірлерді аралап, ауруханаларға барып, әріптестерімен кездескенін баяндады. Сол аралықта өзі үнемі COVID-19-ға тест тапсырып отырған. Кешегі түнге дейін барлық тест нәтижелері теріс болған.