23.04.2020, 21:35

Эпидемиолог дәрігер елімізде індет жұқтырғандар саны 4 мыңнан да асуы мүмкін екенін айтты

Мезгілдік ауысымға байланысты індеттің қайта өршу қаупін ескерген ол, карантин режимін қатаң сақтауға шақырады.

Қытайдан тараған коронавирус батысты жайпап, бізге жеткенше біраз мутацияға ұшыраған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарапайым тілмен айтқанда, әлсіреген. Медицина ғылымдарының докторы, эпидемиолог Арай Төлемісова солай дейді. Біздегі науқастар кесел жұқтырғанын сезбей, оны жеңіл өткеріп жатады. Осының өзі ғалымның сөзін айғақтай түсетіндей.

Қазақстандықтардың бойынан табылған вирус адам өміріне қауіп төндіретіндей ауыр емес. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Көзге көрінбейтін кеселдің қашан жұққанын және өзгелерге қалай жұқтырғанын адамдар білмей қалуы мүмкін.

«Қарапайым тілмен айтқанда, қызынан баласына, баласынан немересіне дегендей ген әлсірейді ғой. Сол сияқты өзгереді. Сондай түрдегі деп салыстыруға болады. Сөйтіп өзгере келе, Қазақстандағы Италиямен салыстырғанда жеңіл түрі болып тұр», - дейді Арай Төлемісова.

Вирустың бастапқы түрін жұқтырғандар дене қызуымен бірден төсек тартады. Талай ағза арқылы көшіп, қонған біздегі кесел бірден байқалмайды. Дәл осы себептен дәрігерлердің вирусты жұқтыру көрсеткіші күрт артып кеткен дейді ғалым.

Дегенмен, қазақстандық ақ халаттылардың осы сүреңсіз статистикаға ілінуіне өзге де себептері бар. Мәселен, медициналық мекеме құрылысын санитарлық тұрғыдан қадағалаудың әлсіреуі.

«Қандай мекеме салынса да, санитарлық дәрігерлердің рұқсаты бойынша барлығына сәйкес екендігі тексеріледі. Сол жағдайлардың дұрыс қадағаланбауы осындай дәрежеге әкеліп отыр. Оның бәрі бекер емес. Сондықтан санитарлық дәрігерлердің жұмысы қайта көтерілуі керек деп ойлаймын», - дейді эпидемиолог-гигиенист.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі карантин тәртібін сақтаған жағдайда індет жұқтырғандар саны 3,5 мың мен 4 мыңнан аспайтынын айтқан еді. Алайда, Арай Төлемісованың пікірінше, бұл көрсеткіш одан да көп болуы әбден мүмкін.

«Қарап отырсақ, адамдардың қозғалуы, бастарына түспегеннен кейін сенбеуі, оны жоққа шығаруы әсер етеді. Сондықтан бақылауды одан әрі жалғастырмасақ, одан да көбейіп кетуі мүмкін», - дейді ол.

Тағы оқи отырыңыз: Министр мамырдың соңына дейін індет жұқтырғандар 3500 болады десе, бас санитар 4 мыңға жетеді дейді

Туберкулезге қарсы БЦЖ екпесін уақытылы еккен азаматтарда коронавирус жеңіл түрде өтеді. Осыған кәміл сенетін медицина ғылымдарының докторы елімізде кеңес етілген вакцинаны егуді ерекше атап өтті. Мезгілдік ауысымға байланысты індеттің қайта өршу қаупін ескерген ол, карантин режимін қатаң сақтауға шақырады. Бұл – мемлекеттің ғана емес, азаматтардың қоғам алдындағы басты міндеті.