$ 444.22  476.38  4.82

Маңғыстау облысында коронавирусқа тұрғындары көп шалдыққан ауыл әкімі қызметінен босатылды

Қазір ауылға кіреберіс тұсқа блок-посттар қойылып, күзет күшейтілді.

Маңғыстау облысында коронавирус жұқтырған тұрғыны көп ауылдың әкімі қызметінен босатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылында он күннің ішінде 23 жағдай анықталып отыр. Індет алдымен көп адамды жиып, ас берген үйден шыққан. Кейіннен сол жиында болған біраз адамға жұққаны белгілі болды.

Аядай ауылда карантин ережесін сақтауды қамтамасыз етпегені үшін облыс басшысының шешімімен ауыл әкімі жұмыстан шеттетілді. Ал аудан әкіміне сөгіс жарияланды. Қазір ауылға кіреберіс тұсқа блок-посттар қойылып, күзет күшейтілді.

Вирус көп тараған аудандар арасында Бейнеу мен Қарақия көш бастап тұр. Бейнеу ауданында 37 тұрғыннан КВИ анықталды. Арасында қоғамдық жұмыс өкілдері мен дәрігерлер де бар. Қазір бұл қос ауданда карантин режимі күшейтілген. Отбасылық жиын жасауға қатаң тыйым салынған.

Жалпы, 3 наурыздан бастап аймақта 11 186 адам коронавирусқа тексеріліп, індет 129 адамнан анықталды. Айта кетейік, Маңғыстау облысында карантин мамырдың 25-не дейін ұзартылды.

«Облыс көлемінде тіркелген 129 жағдайдың ішінде сырттан келгендері – 5 жағдай. Біз Ыстамбұлдан бір жолаушыны күтіп алдық, сосын Санкт Петербург пен Астраханьнан студенттер келген. Жергілікті жағдай – 36, оның ішінде 20 жағдай – Атырау ТШО компаниясынан келген жергілікті азаматтар. Сосын қарым-қатынаста болған 88 жағдай. Бұл – 68,2 пайыз», - дейді облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары