$ 447.4  477.55  4.76

Атыраудың облыстық ауруханасында коронавируспен жатқан екі әйел босанды

Жаңа туған нәрестелерден Covid-19-ға алынған талдаудың нәтижесі бүгін анықталады.

Мамырдың 12-сінен 13-іне қараған түні Атырау облыстық №2 ауруханасында коронавирус жұқтырған екі жүкті әйел босанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған аурухананың білікті хирургтары мен анестезиолог мамандары, Атырау облыстық перинаталдық орталықтың дәрігер-реаниматологтары, гинекологтары және акушер құрамы мен неонатологтар оларды аман-есен босандырып алды.

Салмағы 3,620 келі, бойы 53 см болып туған қыз баланы 29 жастағы әйел кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелді. Ал 24 жастағы әйел салмағы 4,270 келі, бойы 56 см ұл баланы өздігінен босанды. Жаңа туған нәрестелерден Covid-19-ға алынған талдаудың нәтижесі бүгін анықталады.

Бұл әйелдер инфекциялық стационарға жүктіліктің 38-аптасында коронавирус инфекциясының симптомсыз расталған жағдайымен қабылданған.

«Босанған аналар жұқпалы аурулар бөлімшесінде хаттамаға сәйкес емін жалғастыратын болады. Нәрестелер аналарынан оқшауланып, арнайы әзірленген таза палатаға ауыстырылды. Жағдайлары қанағаттанарлық. Дәрігерлердің бақылауында», - дейді Атырау облыстық №2 аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиева.

Еске сала кетсек, кеше Атырау облыстық перинаталдық орталықтағы 4 жүкті әйелден коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары