$ 442.05  474.14  4.74

«Кеңсе қызметкерлерінің 50%-ы үйден жұмыс істеуі керек» - Елжан Біртанов

Министр әлеуметтік арақашықтықты сақтаудың, маска тағудың, жиі қол жуудың маңызды екенін тағы бір рет атап өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін шұғыл брифинг өткізіп, карантиндік шаралар жеңілдетілгеннен кейін елдегі коронавирустық ахуалдың қиындап кеткенін айтты. Сондықтан кәсіпорындар мен мекемелер қызметкерлерінің басым бөлігін үйден жұмыс істеуге жіберуі қажет деді. 

«Біз бас санитардың қаулысымен, жұмыс орындарындағы азаматтар санын мүмкіндігінше төмендетуіміз керек. Кеңсе қызметкерлерін дистанциялық режимге көшіріп, ең кемінде 50%-ы үйден істеуі керек. Сол кезде арақашықтық аздап кеңейіп, инфекцияның таралуы тоқтайды. Кей жағдайда, әрине, шектеу енгізу қиын. Мысалы, вахталық кәсіпорындарда санитарлық шаралар қатаң сақталуы тиіс», - деді ол.

Министр әлеуметтік арақашықтықты сақтаудың, маска тағудың, жиі қол жуудың маңызды екенін тағы бір рет атап өтті. Оның сөзінше, коронавирус пандемиясы әлемде де, Қазақстанда да әзірге тоқтаған жоқ.

«Халықаралық, отандық сарапшылардың пікірі бойынша бұл пандемия әлі біткен жоқ. Карантиндік шектеулерді алып тастасақ, ол қайта күшейеді. Бұл тек бізде емес, барлық елде болып жатқан жағдай. Соны дұрыс түсінуіміз керек. Осындай дүниежүзілік пандемияны тоқтатуымыз үшін әр азамат, әр мемлекет карантинді сақтауы қажет», - деді Е.Біртанов.

Е. Біртанов ауруханада симптомсыз жатқан азамаматтарды да жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.

«Көп жағдайда азаматтардан сұрақтар түсіп жатыр, «Мен ауырмаймын, ешқандай симптом жоқ, неге мені карантинге жауып, ауруханаға жатқызады» деп шағымданады. Бірақ бұл өте маңызды. Себебі осындай симптомсыз аурулар басқа азаматтарға жұқтырады. Сондықтан алдын алып, жұқтырған азаматтарды изоляцияға жіберсек, пандемияны тоқтатуға мүмкіндік бар», - деді министр. 

Дереккөз: Азаттық рухы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#коронавирус