14.06.2020, 03:50

«Ешқандай саясат та, ақша да емес...»: балуан Айбек Нұғымаров та өзінің індет жұқтырғанын жеткізді (ВИДЕО)

«Осыдан бір апта бұрын ауру басталды. Қазір кімнен, қалай жұққанын біле алмай отырмыз», - дейді ол.

Семей қаласы әкімдігінің Instagram парақшасына қазақ күресінен әлем чемпионы, «Әлем барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаровтың коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Семейде COVID-19 диагнозымен аурухананың инфекциялық бөлімшесіне қаладағы екі колледж директоры түсті. Бірі – Электр техникалық колледжінің директоры Азат Сәрпеков, екіншісі – Семей көлік колледжінің директоры, Қазақ күресінен әлем чемпионы, «Әлем барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров» делінген хабарламада.

Ал аталған парақшада аурухана төсегінде медициналық маска тағып отырған балуанның өзі көпшілікке арнап видеүндеу жасаған.

«Құрметті жерлестер, мына жаман індет бізден де айналып өтпеді. Көріп отырғандарыңыздай, Семей қалалық инфекциялық ауруханасында жатырмыз. Осыдан бір апта бұрын ауру басталды. Қазір кімнен, қалай жұққанын біле алмай отырмыз. Бірақ, сақтандыру шараларын қолданбағанның кесірінен...

Күнделікті жұмыстармен біраз азаматтармен кездескен болатынбыз. Енді басында біз де сеніңкіремедік. «Саясат бұл, ақша істеп отыр» деп бізге де айтқан. Бірақ, ешқандай саясат та, ақша да емес...» - деді сөйлеуге қысылыңқырап отырғандай көрінген Айбек Нұғымаров.

Оны көрген желі қолданушылары бәрібір «Денсаулығы толық қалпында сияқты көрінеді», «Осылай спектакл жасағанға ақша алатын шығар», «Еркек басыңмен өтірік айтуға ұялмайсың ба?», «Кішкене өтірік болса да жөтеліп қоймадың ба?» дегендей сенімсіздік білдіруде.

Сондай-ақ, спортшының Алла жолында жүрген, өтірік айтпайтын адам екенін ескертіп, тез сауығып кетуін тілеп жатқандар да бар.