Covid-19 қаупіне байланысты, елордада 15 маусымнан бастап балабақшалар, кинотеатрлар мен ОСО-дағы ойын орталықтары кәдімгі режимде ашылып, жұмыс істемейтін болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл ретте, әкімдік балабақшалар кезекші топтар арқылы, яғни бір топта 15 баладан жұмысын жалғастыратынын хабарлады. Бірінші кезекте ол балаларын үйіне қалдыруға мұршасы жоқ ата-аналар үшін қызмет етеді. Мектепке дейінгі ұйымға бармаған жағдайда баланың орыны сақталады.
Балабақшаға қабылдау үшін учаскелік педиатрдың баланың денсаулығы жайлы анықтамасы болуы тиіс. Баланы балабақшаға қабылдар алдында тәрбиешілер ата-аналардың қатысуымен және медициналық қызметкердің бақылауымен міндетті термометриядан өткізіп, таңертең тексереді.
Қазір коронавирустың таралу қаупі әлі сейілмей тұр. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, санитария нормаларын сақтамаудың салдары шаһардағы ауруханалардың науқастарға толып кету қаупін туғызуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерлер науқастардың бәріне көмек көрсете алмай қалуы ықтимал.
«Инфекция қаупі, тіпті, денсаулығы мығым, зіңгіттей жастардың өзін қалжыратып жіберуі мүмкін. Абай болу керек. Бір адамның селқостығы екінші кісіге қауіп төндірмеуі тиіс. Коронавирус санаулы күннің ішінде адамның ағзасын құртуы мүмкін. Сол себепті, өзіңіз үйде емделіп аламын деп ойламаңыз», - деп ескертті Сәуле Қисықова.