Бүгін белгілі заңгер, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің белсенді мүшесі Айгүл Орынбек facebook парақшасына Шымкент қаласындағы ауруханалар өзінің қатты сырқаттанып қалған анасын қабылдамай жатқанын айтып, қатарынан үш жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бірінші жазбасында Президенттен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Денсаулық сақтау департаментінің басшысы Рүстем Албаевтың орнынан кетуін талап етіп, видеоүндеу жариялады. Ал екінші жазбасының толық мәтіні мынадай:
«5 миллиардқа салынған ауруханасында реанимационный жоқ екен! Анамды жедел жәрдем қайтадан алып кетті. Тек осылай интернетке шығып «Анаң үшін айқайлап жылау керек екенсің»! Азаннан бері өкпесін ренгенге түсіріп, халінің нашар екенін дәрігер емес, мен түсініп тұрмын! Түркістан облыстық ауруханасы шұғыл түрде ауруханаға жатқызу керек екенін айтқан соң, бірден скорый шақырдық. Сөйтсек, ол жақ анализ болмай қабылдамайды деп бірден айтты. Анамның өкпесі 75% жарамсыз деді врач.
Жаңа ауруханада реанимационный жоқ, ескіге алдырамыз деді. Осылай сандалып жүргенімізге алты сағаттан асты! Жаңа ауруханада реанимация жоқ болса, оны көрмеге салып қойдыңдар ма?
Президент Қ. Тоқаев мырза! Біздің Шымкент қаласындағы аурухана сіз келіп лентасын қию үшін салынған екен. Ол жақта реанимация жоқ! Бір-біріне жұмсап, бір-біріне лақтырып, «облысқа қараймыз», «қалаға қараймыз» деп қарапайым халықтың итін шығарады! Осылай жүргенде адам өліп кетсе ше?».
Осылай деп шырылдаған заңгер одан кейін ақыры ешқайда қабылданбаған анасын дәрігерлердің үйіне әкеле жатқанын жазды.
«Енді қайтадан ескі ауруханада қабылдап жатқан жоқ! Анаңызды ауыр жағдайда көріп тұрмыз, бірақ, қабылдай алмаймыз деп қайтадан үйге алып келе жатыр!» - дейді ол.
Жоғарыдағы видеоүндеуде заңгерлік білімі бар қоғам белсендісінің: «Жаңа аурухананы 5 миллиардқа бай-манаптар, министрлер үшін салды ма? Менің анамның өзін ауруханаға жатқызбай жатқанда, басқалардың анасы не болып жатыр?!» - деуі қарапайым халықты әжептәуір ойлантып тастады.
Себебі, бұл мәселені шымкенттік Әселхан Төрбаева да: «Шындық жоқ кәзір. Мен ауру қызыммен талай есікті қақтым, қарамайды», - деп растап отыр. Сондай-ақ, желі белсендісі Алданазар Жайлыұлы: «1 маусымнан бастап безсимптомныйды бірден үйіне жіберіп жатыр. Оны дұрыс дейік. Бірақ, әлеуметтік желіде туысқандары қиналып жатса да, ауруханалар қабылдамай жатқаны хабарлануда. Масқара! Бара-бара не болмақ?» - деп үрейленуде. Басқа да жүздеген оқырман осы сарында пікір жазып, шуласа бастады.