10.07.2020, 12:20

Қазақстанның коронавирусты емдеу хаттамасына тағы өзгеріс енгізілді

фото: 24.kz
Еліміздің коронавирусқа қатысты емдеудің клиникалық хаттамасы айналасы үш-төрт айдың ішінде он шақты рет өзгертілген.

«Емдеу хаттамасына өзгерту енгізбесе шыбын құсап қырылып қаламыз» деп Тоқаевтың атына үндеу жолдап шыр-пыр болған дәрігер Айна Бакееваның айтқандары ақыры рас болып шықты. Еліміздің коронавирусқа қатысты емдеудің клиникалық хаттамасы айналасы үш-төрт айдың ішінде он шақты рет өзгертілгені белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызының айтуынша,  елімізде коронавирус инфекциясын емдеу жөніндегі медициналық хаттаманы оныншы рет ауыстырған. Вице-министрдің айтуынша, елде коронавирусты емдеу хаттамасы ғалымдардың ұсыныстарын ескере отырып, осымен оныншы рет ауысқан.

Оқи отырыңыз: «Емдеу хаттамасына өзгерту енгізбесе шыбын құсап қырылып қаламыз»: дәрігер Тоқаевқа үндеу жасады

«Бүгінгі клиникалық хаттама эпидемия басталғалы бері оныншы рет өңделіп, жаңарып, дүниежүзі ғалымдарының нұсқауына, тәржибелеріне байланысты жаңартылып отырды. Қазіргі хаттама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хаттамасына сәйкес келеді. Кеше Ресейден келген әріптестер хаттамадағы емдеу жолдары дұрыс екенін айтты. Вирусқа қарсы кейбір тиімсіз дәрілер хаттамадан алынды. Соңғы апта ішінде рентген-диагностика жөнінде, ауруларды ауруханада ұстамай, рентген немесе КТ-мен қайта қарау жөнінде де жаңа нұсқаулар енгізілді. Оны біз қадағалап отырмыз. Клиникалық хаттаманы жасауға еліміздегі ең мықты ғалымдар, клиницист-дәрігерлер тартылды», - деп атап өткен Ажар Ғиниятқызы.

Яғни ресейлік мамандар біздің дәрігерлер жасаған хаттамадан біршама қателік тапқан. Вирусқа қарсы кейбір тиімсіз дәрілердің хаттамадан алынуы, рентген-диагностика жөнінде сонымен қатар, ауруларды ауруханада ұстамай, рентген немесе КТ-мен қайта қарау жөнінде де жаңа нұсқаулар енгізілуі секілді өзгерістердің ресейлік дәрігерлердің ықпалымен жүзеге асқанын байқауға болады.  

Оқи отырыңыз: Алексей Цой шымкенттік дәрігердің видеоүндеуіне қатысты жауап берді

Ал бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі емдеудің клиникалық хаттамаларының әлем бойынша дәлелденген әдіс-тәсілдер негізінде жасалатынын әрі оны отандық мамандар – тәжірибелі клиницистер мен ғалымдар әзірлегенін айтқан болатын. 

«Емдеудің жеке схемасы да бар. Науқастың созылмалы аурулары болады. Аурудың асқынуы оған да байланысты. Инфекционистер мен дәрігерлер өз жұмысын жақсы біледі. Қандай препарат беру керектігін, дозасын, тәуекелдің бар-жоғын, аурудың асқыну жағын – бәрін біледі. Негізі, қазіргі препараттардың арқасында талай науқас жазылып шыққан», - деп атап өткен ол шымкенттік дәрігердің бейнеүндеуіне қатысты берген жауаптарының бірінде. 

Естеріңізде болса, РФ денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев бастаған реселік дәрігерлер Астанаға 6 шілде күні келді. Ал шымкенттік дәрігер Айна Бакееваның Тоқаевтың атына жолдаған бейнеүндеуі бұдан кемі екі күн бұрын жарияланғаны белгілі.