Вируспен күреске жұмылдырылған еріктілер дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс. Әрі қандай да бір емдеу мекемесіне кірмес бұрын, барлығы тиісті нұсқаулықтан өтіп, санитарлық талапты қаперден шығармауға міндетті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі еріктілер қозғалысының белсенділерімен, дәрігерлермен және Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен өткен онлайн кездесуде айтты.
Алексей Цойдың сөзінше, елдегі көптеген дәрігерлер еріктілердің білмейтін шаруаға араласып, кәсіби мамандардың жұмысына кедергі келтіретініне шағымданған екен. Сондықтан барлық ерікті қандай да бір емдеу мекемесінің жұмысына қол ұшын бермес бұрын, өзінің және өзгенің денсаулығына қауіп төндірмес үшін сақтық ережелерін тәптіштеп, санитарлық талаптарды мұқият сақтауға міндетті.
Ал еріктілер өз кезегінде денсаулық сақтау саласына қажетті жаңа ұсыныстар айтып, қолданылмай жатқан жабдықтарды кәдеге жарату амалдарын да ұсынды. Онлайн кездесуде дәрігерлер мен науқастар құқығының сақталуы қатаң қадағалауда екені де айтылды. Әрі Алексей Цой осы саладағы кез келген заңбұзушылыққа қатысты тиісті талаптарға сай шара қабылданатынан ескертті.
«Бұл тұста өзім білемдікке салынбау керек. Кез келген талаптың бұзылуы ережеге сәйкес тексеріліп, қажетті шара қабылданады. Әрі бұл талаптардың орындалуына Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан өз басым кепілдік беремін», - деді министр.