Павлодарлық дәрігер адамдар өзі емделемін деп ауруханаға ауыр жағдайда түсетінін айтып шағымданды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Павлодардың №3 қалалық ауруханасының реанимация бөлімінің меңгерушісі Василий Павловтың айтуынша, антибиотиктерді қабылдай бергеннен науқастардың жағдайы одан ары нашарлайды. Бұл туралы ол Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың ауруханаға сапары кезінде айтты. Қазір қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда түскен 19 науқас бар.
«Қалада дәрі антибиотик қабылдайды. Басқаларына сезімталдық басылғанда, біз күшті антибиотиктер қолдануға мәжбүрміз, бұл – медицина заңдылығы. Адамдар антибиотикті уыстап жейді, содан кейін бізге келеді», - деді Павлов.
Ол, сондай-ақ, қала ауруханаларында ұйықтататын дәрі-дәрмектердің аяқталып бара жатқанын айтты.
«Бұл не деген сөз, жасанды тыныс алдыру аппаратында жатқан науқас синхрондалуы керек. Ол синхрондалмаса, өкпенің баротравмасы пайда болады, бұл оның жағдайын қиындатады. Бізде қазір гипнотиктер аяқталғалы тұр. Бір аптадан кейін біз пациенттерге толыққанды ұйқы бере алмай қаламыз.
Бұл өзгеше дәрі-дәрмек болса да қажет, қазір барлық ауруханада осындай жағдай. Пациент келіп түскен сәттен бастап және оңалтумен айналыса бастағанға дейін гиперкоагуляция жүреді, сондықтан антикоагулянттар қажет», - деп атап өтті Павлов.
Павлодар облысының әкімі тұрғындардың өзін-өзі емдемеуін сұрады, ол өңірде тиісті медициналық көмек көрсету үшін барлығы бар екенін атап өтті.
«Мен тұрғындардан өз бетімен емделмеуді сұраймын. Сатурациясы төмен науқастар түседі, пневмонияның ауыр түрімен. Тиісінше, олардың емделуі ұзақ, көп көңіл мен препараттар керек. Біздің дәрігерлер – нағыз кәсіпқой мамандар, бірақ, оларға да оңай емес», - деді Әбілқайыр Сқақов.