$ 444.22  476.38  4.82

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны жаппай сынау жұмыстары қыркүйекте басталады

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, алдын-ала сынақ жұмыстарының нәтижесі ойдағыдай болған.
фото: centralasia.media
фото: centralasia.media

Қазақстан ғалымдары жасап шыққан вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бес қызметкері ерікті түрде өздеріне сынап көрді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, алдын-ала сынақ жұмыстарының нәтижесі ойдағыдай болған.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сәйкес, 2020 жылдың 13 тамызында макак-резустан антидененің кемінде 7 log болуы тиіс соңғы титрін анықтау жоспарланып отыр. Бұл жоғары иммуногендік көрсеткіш саналады. 2020 жылдың 26 шілдесінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бес қызметкері тірі вируспен жұмыс істеу барысында қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін ерікті түрде вакцинаны өздеріне сынады. 

Бірнеше тәулік өткеннен кейін олардың өздерін сезінуі жақсы, дене қызуы мен аллергиялары жоқ. Клиникаға дейінгі сынақ 2020 жылдың 20 тамызында аяқталып, нәтижесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен рұқсат алынғаннан кейін 2020 жылдың 20 қыркүйегінде Алматы қаласындағы клиниканың базасында COVID-19-ға антиденесі жоқ 44 еріктіге клиникалық сынақ (І фаза) басталуы тиіс», - деп хабарлады институт мамандары.

Институттың мәліметінше, 2020 жылдың қазан айының ортасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай келетін 200 еріктіге клиникалық сынақ өткізудің ІІ фазасы егілмек. 

«Клиникалық сынақтың ІІ фазасы 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Көптеген елдің (Қытай, АҚШ, Ресей) тәжірибесін және халықты вакцинамен қамтамасыз ету қажеттігін қаперге ала отырып, клиникалық сынақ фазасының санын 4-тен 2-ге дейін қысқарту қарастырылып жатыр. Бұл ДДСҰ талаптарына қайшы болмайды. Кандидаттық вакцинаның клиникалық сынақ нәтижелерін ДДСҰ растаған жағдайда Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы салынып жатқан Иммунобиологиялық препараттар өндірісі зауыты вакцина шығаруға дайын. Зауыттың жобалық қуаты жылына 60 млн дозаны құрайды», - делінген Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты таратұан ресми мәлімдемеді.

Алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынатын болады. Вакцина алатындардың болжамды саны 2 347 000 адамды құрайды.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары