Дәрігерге онлайн жазылып, қаралуға мүмкіндік беретін Damumed қосымшасы кейінгі күндері қып-қызыл дауға айналды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Кейбір медицина орталықтары елдің атынан дәрігерге жазылып, емделіп шыққаны туралы жалған ақпарат тізіп отырған. Шын мәнінде жағдай басқа. Ешкім ешқандай емхана маңына жоламаған. Damumed қосымшасы қазнетте қызу талқыланды. Денсаулық сақтау министрлігі қосымшаның өтірік ақша жинағанын растады.
«Бірінші жартыжылдықтың өзінде медициналық қосымшада 13 мыңнан астам жалған өтінім анықталды. Дегенмен, қор салымшылары алаңдамаса болады. Өйткені, медициналық орталықтар ол ақшаны міндетті медициналық сақтандыру қорына үш есе қылып қайтарды», - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Ал «СҚ-Фармация» компаниясы 8,6 миллиард теңгеге коронавирусты емдейтін 5 түрлі дәрі сатып алатын болды. Ол дәрілер үйде емделетіндерге үлестірілмек.
«Көп жағдайда ауру жеңіл немесе орташа жеңіл түрде өтеді. Бірақ, дәрі қабылдамаса болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық жағдайда ем қабылдайтын науқастардан коронавирусты анықтап, оларды емдеуге қажет деп бес түрлі дәріні хаттамаға қосты. Олар қабынуға қарсы парацетамол, ибупрофен және антикоагулянттар: ривароксабан, апиксабан және дабигатран», - дейді «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев.
Сондай-ақ, Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаны алғашқы елдердің бірі болып сатып алу мүмкіндігіне ие. Өйткені, біз тиісті халықаралық ұйымдар мен бағдарламаларға мүше елміз. Ал дәріні тегін алатын 2 миллионға жуық отандасымыз бар екен. Вакцина шамамен 4-8 мың теңге болуы мүмкін. Министрлік оны сатып алуға 18 миллион теңге жұмсамақшы.