04.09.2020, 11:20

Дәрігер жыныстық қатынас кезінде маска тағуды ұсынды

фото: pixabay.com
Тіпті, індет басылғанға дейін төсек қатынасынан бас тарта тұруға да болады.

 Канадалық бас дәрігер коронавирус індетін жұқтырмау үшін төсек қатынасы кезінде бетперде тағуды ұсынды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Екінші қыркүйек күні мәлімдеме жасаған дәрігер Тереза ​​Тэм коронавирус дерті жыныстық қатынас арқылы жұғатынын айтып, дабыл қақты деп жазады Daily Mail. 

Айтуынша, ерлі-зайыптылар арасында төсек қатынасы айтарлықтай қауіп тудырмайды. Алайда бейтаныс адаммен төсек қатынасына түсу коронавирустан бөлек өзге де түрлі дерттерді жұқтырып алу қаупін еселеп жібереді дейді ол. 

"Физикалық тұрғыдан жақындық Covid-19 инфекциясының жұғуына әкеліп соқтыруы ғажап емес. Сол себепті, вирустың таралуының алдын алған абзал", - деп сөзін бастады Тереза.

Баспасөз жиынын ұйымдастырған дәрігер коронавирус індеті кезіндегі төсек қатынасына қатысты бірқатар кеңесін ортаға салды.

 "Жыныстық қатынас кезінде бетперде тағыңыз. Тіпті, індет басылғанға дейін төсек қатынасынан бас тарта тұруға да болады", - деп ойын түйді ол. 

Бас дәрігердің кеңесімен Джорджия университетінің зерттеушілері келісіп отыр. Олар ғашықтарға бір-бірін сүюді де қоя тұру керек деген пікірде.