Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін сатып алынатынын вакциналар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Осы жылдың соңына дейін тағы 7,3 миллион адамды вакциналау үшін вакциналар сатып алынады", - деді ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Марал Рахымжанова баспасөз мәслихатында. Оның ішінде 2 миллион адамды вакциналау үшін "Спутник V" вакцинасы сатып алынады. Препарат өңірлерге тамыз-қыркүйек айларында түседі.
Тағы екі миллион адам үшін Sinopharm (Vero Cell) жеткізіледі. Бұл ретте вакцинаның 1 миллион дозасы елге жеткізіліп те қойды.
QazVac 1 миллион 350 мың адамды вакциналау үшін сатып алынады.
Рахымжанованың айтуынша, "Спутник V", QazVac, CoronaVac және Sinopharm (Vero Cell) вакциналары үкімет резервінің қаржысына сатып алынды. Ал Hayat-Vax үшін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры төлеген.
Алайда басқарма басшысы вакцинаның бағасын жария етуден бас тартты. Айтуынша, бұл құпия ақпарат. Десе де ол министрлік препараттарды сатып алуға жұмсалған қаражат сомасын жариялауға рұқсат алу үшін вакцина жеткізілушілерімен келіссөз жүргізіп жатқанын атап өтті.