Алматы №2 перзентханасында 32 жастағы әйел жүктіліктің 39 аптасында патология бөліміне түсіп, салмағы 5328 грамм, бойы 60 см сәбиді дүниеге әкелді, деп хабарлайды Stan.kz.
«Бір қызығы, анасы болашақ баласының салмағын білмеген екен, ультрарадыбыс зерттеуде салмағы 3500-3800 грамм болған», - деп хабарлайды Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
«Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Әйел еш қиындықсыз босанды. Қазір анасы мен нәрестенің жағдайы жақсы. Үш күн перзентханада жатып, үйіне шығарылды», - дейді бас дәрігердің орынбасары міндетін атқарушы Куренова Гүлнәр.
Жас босанған ана аурухананың барлық қызметкерлеріне алғысын білдірді.
“Қызым үлкен салмақпен туатынын білмедім. №2 перзентхананың бас дәрігерінен бастап, әр мейірбикеге дейін, барша ұжыға шексіз алғысымды білдіремін. Мұнда кәсіби мамандар жұмыс істейді. Таза бөлме, тамаша тамақ. Жауапты және құрметті команда. Баршаңызға зор денсаулық, табыс тілеймін”, – дейді келіншек.
№2 перзентханада салмағы бес келіден асатын нәрестенің дүниеге келуі осымен екінші рет. Биыл мамырда салмағы 6020 грамм қыз бала дүниеге келген болатын.