Астаналық меценат Оралбек Ботбай Қазақстандағы ішкі турзимді дамытуды нақты қолға алу керектігін айтып отыр. Қазіргі экономикалық дағдарыс заманында мұнай бағасына тәуелді болмау үшін осындай шараларды қолға алу керек дейді ол.
Оның айтуынша, әлемде бір ғана туризммен байып отырған елдер көп. Ал, Қазақстанның туристік әлеуеті олардан кем емес көрінеді.
"Қазақстанда туристік нысан болуға сұранып тұрған орындар жетерлік. Бір ғана Бурабайға өз еліміздің тұрғындарын айтпағанда көрші Ресейден де демалушылар ағылып келіп жатады. Бірақ, өкінішке қарай, сервис деңгейі төмен әрі қымбат. Бұл бір ғана Бурабай. Бұдан бөлек қаншама көрікті жерлер бар. Рухани орындар: Ясауи, Арыстан баб, Бекет ата кесенелеріне де келушілер жетіп артылады. Бірақ, ешбірін туристік нысанға айналдыра алмай отырмыз. Туризм саласын дамытуға ақша бөлінбей жатқан жоқ, Елбасы жылда қаржы бөліп, дамытуды тапсырады. Бірақ, неге екені белгісіз, дамыта алмай отырмыз. Тек осы туризм саласының көмегімен біраз қаржылай проблеманы шешуге болар еді. Мәселен, мен кеше ғана Египетте болып келдім. Бұл елдің жыл сайынғы туризмнен түсіретін пайдасы - 7-8 млрд доллар. Ал, Түркия болса осы туристік нысандарының арқасында 2,5 млн адамға жұмыс тауып беріп отыр. Бізде теңіз де бар, орман да бар, тау да бар, шөл де бар, тарихи нысандар да бар, тек жұмыс істеуіміз керек", - дейді белгілі меценат.
Бұған дейін әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, бірнеше әлеметтік нысан салған О.Ботбай Қазақстандағы ішкі туризмді дамыту мақсатында Вьетнам, Түркия, БАӘ, Германия, Қытай секілді елдерден инвестиция тартып, нақты әрекеттер жасамақ.