$ 444.32  473.33  4.76

«Дамудың» демеуімен отандық өндіріс қарқын алуда

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ-ның Астана қаласы бойынша аймақтық филиалы республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері қатысуымен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында қолдауға қол жеткізген кәсіпорындарға пресс-тур ұйымдастырды.

«Даму» қоры бағдарламалары бойынша мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындардың бірі – жеке кәсіпкер Жангүл Телбаева. Ол бұған дейін Түркиядан аяқ киім тасып, сатумен айналысқан. Мемлекетіміз кәсіпкерлерді қолдап, отандық тауарларды өндіруге барлық жағдайды жасап жатқанда Жангүл аяқ киім шығаратын өз кәсіпорнын ашуды жоспарлайды.

Жеке кәсіпкер өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін «Даму» қорынан кеңес алып, мемелекеттік бағдарламаға қатысуға өтінішін білдіреді. Оның осы мақсатта «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен «Сбербанктен» алған несиесінің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 4%-ға дейін төмендетілді. Ол үшін несие алу барысында «Даму» қоры банкке кепілдік берді. Жеке кәсіпкер Жангүл Телбаеваға 430 мың теңге субсидия төленді.

Бүгінде Ж.Телбаева ерлер мен әйелдерге арналған аяқ киімдер шығарумен айналысып келеді. Цех өнімдеріне қолданылып жатқан шикізат та отандық өнім – былғарыны Алматы қаласынан, жүнді Көкшетаудан алдыруда. Ол енді Begim-Sulu Fashion Shoes аяқ киім брендін тіркеуді жоспарлап жүр.

Ал, «Ювелирная компания Kazyna Gold» ЖШС әшекей бұйымдарын шығару цехы 1994 жылдан жұмыс істеп келеді. Әкеден балаға мұра болған әулеттік кәсіпорынның зергерлік заттарына сұраныс жоғары. Мұнда классикалық үлгідегі әшекей өнімдері зергерліктің қатаң қағидаларымен жасалады. 2014 жылдың сәуір айынан бастап, «KAZYNA GOLD» бренді бойынша жаңашылдықпен отбасылық дәстүрді сақтай отырып, заманауи этно-стильді бұйымдар шығаруда. Кәсіпорын өндірісте тек отандық шикізатты қолданып отыр.

Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, «Цеснабанктен» алған несиесінің жылдық пайыздық мөлшерлемесін төмендетіге қол жеткізді. Өндіріске қажетті материалдарын сатып алды. «Даму» қорының араласуымен аталған жобаға 698 мың теңге субсидия берілді.

2010 жылдан бастап «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қаржы агенттігі ретінде, бағдарламаны белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Алты жылда 7 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер субсидия алып, кепілдік ретінде мемлекеттік көмекке қол жеткізді. Оларға төленген субсидия мөлшері – 138 967 млн. теңге. Астана қаласында аталған мемлекеттік көмекті 500-ден астам кәсіпорын алып отыр.

Жыл басынан бері Астана қаласында несиенің барлық сомасы 20 200 млн.теңгені құрайтын 71 субсидия келісімшартына қол қойылды. Кепілдік бойынша 62 жоба мақұлданды. Қол қойылған кепілдік келісімшарттарының құны 866 млн.теңгені құрайды. Кәсіпкерге 2 640 млн теңге субсидия төленді.

Ерасыл Естемесов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары