$ 448.15  483.46  4.86

Алматылық әйел тұңғыш перзентін 51 жасында босанды

Алматылық әйел тұңғышын 51 жасында босанды деп жазады Almaty.tv. Қаладағы перинатология орталығында 30 жылдан бері құрсақ көтере алмай келген келіншек, дүниеге қыз бала әкелді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жастағы әйелдердің алғаш рет босануы - ерекше құбылыс екен.

Сандуғаш Құсметаева күйеуі екеуі бір перзентке зар болып, 30 жыл бойы бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Тіпті, емшілердің де алдынан өтіп, ұзақ уақыт ем қабылдаған. Тағдырдың мұндай сынына төзе білген отбасында күні кеше көптен күткен сәби дүниеге келді.

«Осы күнге де жеттік, әуелі Алланың арқасы. Алладан тілеп отырдық әр уақытта, үмітімізді үзбедік. Сол қызық қуанышқа міне жеттік деп ойлаймыз. Алланың арқасы деп айтамын әрине біріншіден. Не айтайын, қуаныштымын әрине. Осы енді өмірде өзім сияқты әйелдерге, отбасыларға, аналарға үміт үзбесін дегім келеді»,- дейді Алматы облысының тұрғыны, Сандуғаш ҚҰСМЕТАЕВА.

Перзентіне зарығып жеткен ана қуаныштан көз жасына ерік берді. Әйелінің көңіліне медеу болып, 30 жылдан бері қолдау көрсетіп келген отағасы да қазір толқып жүр. 51 жасында алғаш құрсақ көтерген Сандуғаш Құсметаева Қаскелең қаласында тұрады екен. Ол Алматыдағы перинатология ғылыми орталығына жергілікті дәрігерлердің жолдауымен 1 наурызда түскен. Ал, 9 наурыз күні босанып, өмірге қыз баланы әкелді.

«Бұл ерекше жағдай. Осы жастағы әйелдердің алғаш рет бала көтеруі өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан, қауіп-қатері де жоқ емес. Көп жағдайда әйелдердің денсаулығы 30-дан кейін бала көтеруге жарай бермейді. Бірақ, Сандуғаш өте жақсы күтінген. Әрі, Алматы облысы дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған. Осының арқасында, аман-есен босанды»,- деді Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы «Ана мен бала» бөлімінің меңгерушісі, Камиль САМИТОВ.

Дәрігерлер ана мен баланың денсаулығына қауіп келтірмеу үшін, кесір тілігін жасапты. Бүлдіршіннің салмағы 3 келіден асқан. Қазір кішкентай сәби мен оның анасының жағдайы қалыпты. Дәрігерлер оларды үйлеріне шығарып салуды жоспарлап отыр. Ақ халаттылардың сөзінше, бұл жастағы әйелдің құрсақ көтеруі елімізде соңғы 10 жылдықта тіркелген алғашқы жағдай екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары