$ 498.34  519.72  4.85

Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО қорғауына алынуы мүмкін

Түркі халықтарына ортақ абыз – Қорқыт атаның ұрпаққа қалдырған мәдени жәдігерлерінің ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енетін күні жақын деп жазады Хабар-24. Сөйтіп, қазақ сахарасында туған ұлы тұлғаның күллі рухани туындысы барша адамзаттың құнды мирасқоры саналып, арнайы қорғауға алынбақ. 

Қорқыт туралы сан тарау аңыз бар. Сол құндылықтарды жіктеп-жіліктеп сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау мақсатында Сыр елінде Қорқыт ата және өлкетану ғылыми зерттеу институты құрылды.

Ғабит Тұяқбаев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

– Қорқыт ата мұралары – бүкіл түркітілдес елдерге ортақ мұра, ортақ рухани қазына. Дегенмен Қорқыттың күйлері басқа халықтарда кездеспейді. Сондықтан біздің Қорқыт ата күйлерін таңдап ұсынуымыздағы да негізгі мақсаттың бірі – осы Қорқыт ата тұлғасының біртабан болса да, қазаққа жақын екендігін көрсету. Біздің ұлттық топырақта, әсіресе Сыр өңірінен шыққан орта ғасырлардағы перзенті ретінде көрсету – негізгі мақсаттың бірі.

Отандық ғалымдардың зерттеу еңбектері, дәлелдемелері ЮНЕСКО ұйымы мен ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияға тапсырылған. Қорқыт атаның бай дүниесі жаһан жұртын қызықтырады. Оған дәлел 3 жыл бұрын қайта жаңғыртылған бабаның мемориалды кешенін тамашалауға былтыр 16 мыңнан астам шетелдік қонақ келген. Сол себепті киелі кесене «ЭКСПО-2017» көрмесінің туристік бағытына қосылып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары