16.03.2017, 06:29

Шымкентте Оңтүстіктің ең үздік келіндері анықталды

ОҚО жасөспірімдер кітапханасы мен әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының мамандары бірлесіп, «Бесік жыры – тәрбие бастауы» атты жас келіндер байқауын ұйымдастырды деп жазады Otyrar.kz. Облыстан жиналған 14 келіншек қазақы салт-дәстүрді қаншалықты жақсы білетінін өз өнерлерімен көрсетті.

Ақ орамал, ұлттық костюм, қою қара қос бұрым – бүгін бағын сынуға келген келіндердің бейнесі дәл осындай. Келіншектер өңіріміздің түрлі аудан-қалаларынан жиналған. Олар бесік жырын айту, дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беру, өз өнерін көрсету және үй жұмысы сынды төрт кезеңнен өтуі тиіс болатын. Алғаш болып өнерін Түлкібас ауданының келіні, 3 баланың анасы Ұлбосын Керімқұлова көрсетті. Ол аталмыш сайысқа бірінші рет қатысып отырғанын айтады.

Бұл күні Қазақ келіні өзінің ақылы мен парасатын байқатуға тырысты. Ерекше конкурстың басты мақсаты – ұмытылып бара жатқан қазақы салт дәстүрлерді қайта жаңғырту дейді ұйымдастырушылар.

Конкурста жас келіндердің өнері жан-жақты сарапталып, жеңімпаздар да анықталды. Сонымен, келіндер конкурсының бас жүлдесін қазығұрттық келін Гауһар Қалмаханова жеңіп алды. Ал, бірінші орын Айгүл Алтынбековаға бұйырды. Жүзден жүйрік атанған ару және басқа жүлдегерлер алғыс хаттар және ақшалай марапатталды.