Ағымдағы жылы Қазақстан Ресейге жоспардан тыс ет жібере алмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның ет-сүт одағы» ЗТҰ төрағасы Иван Сауэр айтты, деп хабарлайды «Қазақпарат».
— 2016 жылға қарай Ресейге жылсайын шамамен 60 мың тонна сиыр етін жіберу жоспары бар. Бірақ, қазіргі таңда бұл бізге ауыр салмақ түсіреді. Өйткені, өкінішке қарай етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы дұрыс бағытта жүргізілмеді. Бұл міндетті сәл басқаша шешу жоспарланған еді,—деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Дегенмен И.Сауэрдің атап өтуінше, бүгінде Ресей Қазақстаннан сиыр етін сатып алуға басымдық беріп отыр. «Ресей әрқашан да ет сатып алатын болады және біздің қазақстандық өнімге басымдық береді. Өйткені, біз салқындатылған ет ұсынамыз», деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, басқа елдер Ресейге тек тоңазытылған ет қана жеткізеді. «Ал тоңазытылған етке қарағанда салқындатылған ет сапалы болады. Стейкке арналған ет, мраморлы ет жақсы деп айтып жатады. Бұл істен менің де хабарым бар. Меніңше, қазақтың ақбас сиырының етінен дәмді етті іздеудің қажеті жоқ», деді И.Сауэр.
Айта кетейік, болжам бойынша ағымдағы жылы Қазақстан Ресейге 10 мың тонна ет экспорттауды жоспарлап отыр.